Астанадағы дәріханаларда мүшеқап бағасы күрт қымбаттаған. Бұған дейін 450-500 теңгеге сатылып келген танымал брендтердің бағасы 800 теңгеге дейін шарықтады деп жазады "Экспресс-К" газеті.
Бас қаланың жігіттері мүшеқаптың мұндай бағаға көтеріліп, гүлдің бағасымен бірдей болғанына наразылық танытуда. Олардың сөзінше, бұл - бір кешке бөлінген бюджеттеріне ауыр соғатын көрінеді.
Ғабит Шакруллаев үнемі "Гусарский" маркасын қолданатынын, кейде шетелдік Durex, Contex өнімдерін де сатып алатынын айтып, олардың бағасының күрт қымбаттап кетуін ақылға қонымсыз деп отыр. Оның айтуынша, сатушылар тұтынушылардың жағдайын ойлай бермейді.
"Арзан қытайлық мүшеқаптарды да білуші едім, бірақ оларды еш таппадым. Мұнайға бай еліміз, латекс өндіріп отырғандықтан, сапалы каучук алуға болады. Бізге өзіміздің отандық мүшеқаптарды неге шығармасқа?",-деді ол.