Одесса облысының басшысы Михаил Саакашвили өзінің кеңесшісі Владимир Резникті жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен полицияның қолына тапсырды. Бұл туралы ол Фейсбуктағы парақшасында хабарлаған.
Саясаткердің айтуынша, Резник облыстағы құрылыстарға қатысы бар құжаттарға заңсыз қол қойған. Кеңесшінің бұл әрекетін ішкі бақылау қызметі анықтаған, енді оны полиция тергеп жатыр.
Айта кету керек, Саакашвили қазір Одессада жемқорлықпен аяусыз күресіп жатыр. 800 қызметкерден тұратын облыс басшысының аппараты 400 адамға қысқарған. Жаңа тағайындаулар әділ және шынайы өтпек. Облыстағы әкімшілік қызметтерге жастарды орналастыру бірінші кезекте.
Өткен жылдың желтоқсан айында жарты миллион гривна пара алды деген айыппен облыстық тұрғын үй департаментінің басшысы Татьяна Марченко ұсталып, сотталған болатын.