Қазақстан өзін дамыған елдің қатарына қосу үшін атаулы әлеуметтік көмекті 5 есеге көбейту керек, деп есептейді БҰҰ.
Өйткені елімізде тұрмысы төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж отбасылардың саны статистикадан өзгеше. Бізде жалған есеп беру белең алып тұр. Қазір біз «елде атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 504 мың адам бар» деп есептеп отырмыз. Ал өзге дереккөзіне сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмекке зәру «2 млн мұқтаж адам бар» екені анық.
«2014 жылдан бері қалыптасып отырған әлемдік экономикалық ахуалдар бізге әсер етпей қоймады. Ресей мен Батыс арасындағы санкциялар салқыны бізге еш әсер етпейді дедік. Бірақ әсер етті. «АҚШ-тың ұстанған саясаты да Қазақстанды айналып өтеді» дегендер болды. Бірақ теңгеміз құнсызданып, доллар қымбаттағалы әлеуметтің жағдайы да абдырай бастады. 2019 жыл экономикалық дағдарыс тереңдей түседі. Доллар мен теңге қарым қатынасындағы тұрақсыздық биыл да орын алады. Қымбатшылық дендейді. Сондықтан біздің есебіміздегі атаулы әлеуметтік көмек алатын 504 мың адам ғана бар деу ақылға сымайды. Қазір деректер елде 2 млннан астам адамның әлеуметтік көмекке мұқтаж екенін көрсетіп отыр. Осы арада нақтылық қажет. Жалған есеп жүргізуге болмайды»,-деді «Аналитик» сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметова.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанның халқы қазірдің өзінде 30 пайызға кедейленіп қалды.
«Қымбатшылық қысып жатқанмен жалақы көтерілген жоқ. Әлеуметтік төлемдерге азадаған үстеме қосылды. Теңгенің әлсіреуінен қазір зейнетақы қорындағы қаржыны да инфляция жеп қойды. Сондай-ақ халықтың теңгемен жинаған қаржылары да инфляцияға жұтылып жатыр. Мұны мойындау керек. Жәрдемақы мен әлеуметтік төлемге 2000-3000 теңгенің айналасында үстеме қосу халықты қымбатшылықтан алып шықпайды. Сондықтан бұл арада нақты-нақты шешімдер қабылдануы тиіс» - дейді маман.
Сарапшылар әлеуеті төмен халыққа көмек қолын созатын қорлар құрылғаны дұрыс деп санайды.
«Тұрмысы төмен халықтың әлеуетін көтеруге қатысты дүниежүзінде көптеген тәжірибелер бар. Мысалы, Сингапур елінде тұрмысы төмен отбасыларды әлеуемттік қорлар арқылы бизнеске тарту жақсы жолға қойылған. Бұл елде жағдайы төмен отбасы сол қорларға барып тіркеледі. Ол қор жаңағы отбасын қамқорлығына алып жұмыспен қамтуға, баласын оқытуға, тіпті микронесиемен қамтуға да жағдай жасайды. Осы тәрізді әлеуметтік-қоғамдық қорлар біздің елімізде де құрылуы қажет. Біздегі түрлі шағын несие ұйымдары әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға несие беру жағын мүлде ойға да алмайды. Ал Малайзия, Финлияндия, Германия тәрізді елдерде 1 % үстемақымен жағдайы төмен отбасыларға көпжылдық несие беру жүйесі қалыптасқан», - деді Жұмаділда Баяхметов.
Мамандар, сонымен қатар, тұрмысы төмен адамдарға аз пайызбен кәсіп ашуға несие берілу керек деп санайды. Олардың ойынша, қолына қаражат тигеннен кейін олар белгілі бір кәсіппен шұғылдануы да мүмкін екенін алға тартты.
«Тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамту, арзан несиемен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру жағын сол қор мойынына алуы тиіс. Мәселе тек жәрдемақы берумен шектеліп қалмауы керек. Жәрдемақы құр жұбатудың бір түрі ғана. Аш қалдырмаудың болар-болмас тетігі. Елдегі кедей-кепшікті бір ғана министрлік байыта алмайды. Сондықтан жаңаша тетіктерді қарастыру керек. Көнерген тәжірибенің ықпалынан шығу керек. Жаңаша заманауи тәжірибе енгізу керек»,-деді Жұмаділда Баяхметов.