Алматы қаласындағы «Халықаралық бизнес және коммуникация колледжі» мекемесінде 1 – желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Заманауи Қазақстан. Елбасының көшбасшылығы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
«Халықаралық бизнес және коммуникация колледжі» мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мөлдір Ерғанатқызы, Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі, жоғары санатты тарих пәнінің оқытушысы Жамал Әбілбаевна, тарих пәнінің оқытушысы Әйгерім Окапқызы ұйымдастырған іс-шараға батылдығы үшін «Кавалер медалінің» және «Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысы, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, Алматы қаласы, Наурызбай ауданының Ауған соғысы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары, Әбдіқалықов Әділ Бектасұлы арнайы қонақ ретінде шақырылған.
«Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өмірі мен шығармашылыққа толы атқарылған істері, ел болашағы жолында барша халықпен орнатқан достық, ынтымақтастық қатынастары және сол жолдағы салиқалы саясаты мен көшбасшылығы туралы мәліметтер бере отырып, студенттерге Елбасы істерін үлгі-өнеге ету, сондай-ақ, тұлғалық қасиетін, қайраткерлігін насихаттау, өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық, тарихи сана, азаматтық белсенділік сынды қасиеттерді сіңіруге ат салысу», - дейді ұйымдастырушылар.
Шараға қатысушылар тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуы мен даму тарихының өзекті мәселелерін, табысты мемлекет құру және Тәуелсіз Қазақстанның дамуы жолында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сіңірген еңбегін, халықты біріктіру үдерісіне, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, сол сияқты елдің сыртқы саяси стратегиясын айқындауға қосқан үлесін талқылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев және тәуелсіз Қазақстаннның жетістіктері жайындағы деректі фильм көрсетілді.
Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылған дөңгелек үстел жалынды жастардың ой-пікірлерімен қыза түсті, тақырыпқа байланысты өз ойларын ашық айта отырып, болашаққа деген нақты мақсаттарын айқындай білді.