Алматыдағы «Жамбыл Жабаев» атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жетісулық жиырма жас ақынның кеші өтті, деп хабарлайды Sn.kz.
Аталмыш іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
Алматы облысының Алматы қаласындағы мәдениет күндері аясында ұйымдастырылған бұл шараға жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нқржекеев арнайы келіп, жас қаламгерлерге ақжарма тілек, аталық батасын берді.
Өз кезегінде жас ақындар жырдан шашу шашып, жиналғандардың қошаметіне бөленді. Сондай-ақ, аталмыш іс шараға Алматы қаласы әкімі орынбасарының кеңесшісі Данияр Әлиев пен Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев қатысып, сөз сөйледі.
«Бүгін Алматы қаласының тұрғындарын, оқырмандарын жас ақындарымызбен таныстыру және жастарды қолдау мақсатында, биыл жастар жылы болғандықтан Алматы қаласында, осы кітапханада арнайы шақыртып кездесу ұйымдастырып отырмыз», - деді Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев.
«Жер жәннаты - Жетісу» деп Асан қайғы атамыз айтпақшы, Алматы облысынан келген жас ақындардың кітаптарының тұсаукесері, жыр кеші, ыстық ықыласты лебіздері үлкен өнеге.
Себебі, өтіп жатқан іс-шара мақсатының өзі – Алматының ортасында орналасқан кітапханада жастардың кітапқа деген құлышынысын ояту арқылы елге, отанға деген сүйіспеншілігін арттыру», - деді Алматы қаласы әкімі орынбасарының кеңесшісі Данияр Әлиев.