Астаналық тәртіп сақшылары 11 қаңтар күні елордада героин саудасымен айналысқан бір ер және бір әйел азаматын қолға түсірді деп хабарлайды SN қалалық ІІД бапсасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Паутина» жедел алдын алу операциясы барысында құқық қорғаушылар 37 жастағы ер азаматты ұстаған. Оны тінту барысында қалтасынан 61 грамм героин заты табылды. Полицейлердің айтуынша, салмағы 1 грамнан асатын героиннің өзі ірі көлемді болып есептеледі. Ал, ұсталған күдікті оны сатумен айналысқан.
Сондай-ақ, дәл осы күні Астана көшелерінің бірінен 34 жастағы әйел де дәл осындай күдікпен қолға түсті. Ол өзімен бірге 250 грамм героин затын алып жүрген. Есірткінің қара базардағы құны 3,5 млн теңгеден асады.
Қазіргі таңда ҚР ҚК 296 бабының 4 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталғандар Астана қаласы ІІД тергеу абақтысына қамалды.