Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматыдағы Тәуелсіздік жарияланған ғимарат тарихи нысанға айналды. Дәл осы ғимаратта 1991 жылы 16 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды, деп хабарлайды Sn.kz.
Тарихи ғимарат Алматының орталығында орналасқан - ғимараттың негізгі қасбеті ескі алаң деп аталатын «Астана» алаңына қарайды. Қазақ КСР Үкімет үйіне арналған ғимараттың құрылысы 1938 жылы басталғантын. Соғыс жылдарында тоқтап қалған құрылыс 1957 жылы аяқталды, ал 1972 жылы оған қосалқы екі ғимарат салынды. 1980 жылға дейін, бұл ғимаратта Жоғарғы Кеңес, Министрлер Кеңесі және Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитеті отырды.Тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы облысының әкімдігі осында орналасты. 2001 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін - Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ). 2016 жылы ҚБТУ (Жоғарғы Кеңес) ғимаратының қасбетінде ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңның қабылданғаны туралы мемориалдық тақта ашылды. ҚБТУ-дың PR-менеджері Диас Абылқасов, тарихи ғимаратқа «экскурсия» жасауға келісті. Ол осы ғимаратта жұмыс істеген бұрынғы қызметкерлердің зейнетке шыққанын, бірақ ғимараттың тарихы туралы олардан біраз ақпарат алып қалғанын атап өтті. Өткен жазда ғимараттың орталық залында демеушілік қаражатпен жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ел тағдыры үшін шешімдер қабылданған залды жаңартуға бір айдан астам уақыт кетті.
«Біз барлық ережелерді қатаң сақтадық, өйткені ғимарат тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында. Ең бастысы, біз коммуникацияларды қалпына келтірдік: жылу, желдету, жаңа дыбыстық жүйе орнатылды, өйткені қазір бұл бөлме мәжіліс залы емес - бұл университеттің қажеттіліктеріне, оның ішінде студенттік іс-шараларға арналған бөлме. Жарық ауыстырылды, барлық люстра қалды, оларға жаңа жарықдиодты шамдар қойды. Паркеті қайта жылтыратылды», - деді Диас Абылқасов.