Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездескен Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ескі үйлерді сүру, мектептердегі орын тапшылығы, қоғамдық көлік қатынасы туралы айтты, деп хабарлайды Sn.kz.
Бұл кездесу «ашық микрофон» қағидатымен өтті.
Қалада үш мыңға жуық ескі үй бар болса, олардың жартысы Түрксіб ауданында орналасқан.
«Ескі баспана» бағдарламасы аясында апаттық үйлерді сүру үшін жекеменшік инвесторлар тартылуда. «Осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Алайда, барлық тұрғындар бірдей өтемақы көлемімен келісе бермейді. Сол үшін сүру процесі тым ұзаққа созылып кетеді» - деді Сағынтаев.
Алматы басшысы ұзақ жылдар бойы тұрған аудандағы 12 мың ағашты отау керектігін айтты. Тұрғындардың бірі «Нұршашқан» шағынауданындағы емхананың құрылысы неліктен аяқталмай жатқанын сұрады. Өз кезегінде Бақытжан Сағынтаев құжаттарды қысқа мерзімде рәсімдеп, құзырлы органдарға келесі жылы әлеуметтік нысанды пайдалануға беруді тапсырды. Сонымен қатар ол адам ағыны көп жаяу жүргіншілер жолдарына бағдаршам орнатуды бұйырды.
«Тұрғындардың ағымдағы мәселелерін тез шешіп, жүйелі мәселелерге көшу керек» деді әкім.
Айта кету керек, жақында Б.Сағынтаев Алматының 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын көпшілік талқылауына шығарған болатын. Бұл құжатта Алматыны әлемнің үздік 100 қаласының қатарына енгізу басты мақсат ретінде көрсетілген.
«Осы амбициозды мақсатқа жету үшін жақын жылдары жол және коммуналдық инфрақұрылым мәселелерін шешу қолға алынған. Қаланың кез келген ауданында жол, сумен қамту, барлығы теңдей дәрежеде болуы тиіс. Сол үшін біз бір-біріміздің пікірімізге құлақ асып, жұмыс істеген дұрыс» деді әкім.