$ 442.05  474.14  4.74

«Рухани жаңғыру»: 45 жылдық тарихы бар театр Алматылықтарға арнап қойылым қойды

Бикен Римова атындағы облыстық қазақ драма театры Әуезов пен Мұхамеджановтың шығармалары негізінде сахналанған «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын көпшілік назарына ұсынды.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан Алматы облысының Алматы қаласындағы мәдени күндері аясында Бикен Римова атындағы облыстық қазақ драма театры «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын қойды, деп хабарлайды Sn.kz. 

Атылмыш шара шеңберінде Талдықорғанның мәдениет пен өнер өкілдері, облыстағы мұражай, кітапхана ұжымдары келіп, жетістіктерін ортаға салды. 

Бикен Римова атындағы облыстық қазақ драма театры Әуезов пен Мұхамеджановтың шығармалары негізінде сахналанған «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясын көпшілік назарына ұсынды. 

«Б.Римова атындағы қазақ драма театрының 45 жылдық тарихы бар. Менімен құрдас театр. Осы жылдар ішінде талай жампоздар шықты. Үлкен актерлердік көпшілігі сол жерден қанат қаққан. Сондықтан өнердің қара шаңырағының бірі деуге болады. Илегеніміз бір терінің пұшпағы болған соң, әрі көрермен, әрі жанашыр ретінде келіп отырмыз», - деді Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері Сафуан Шаймерденов. 

Спектакльді Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі, елімізге еңбек сіңірген қайраткер Нұрқанат Жақыпбай сахналаған. Қазақ театр өнері сүрлеу салған күннен бастап сахнадан түспей келе жатқан туынды қазақ драматургиясы жауһарларының бірі.

«Бұл шығарманы біз жайдан жай алып отырған жоқпыз. Бүкіл ұжым ат салысады. Актерлердің мүмкіндігін көрсетуге арналған, бір деммен жүретін қойылым. Көрерменге өте қызық болады деп ойлаймыз», – деді Б.Римова атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Руслан Сеңкебаев. 

Театр ұжымы балаларды да назардан тыс қалдырмай, Д.Исабековтің «Құстар фестивалі» ертегісін алып келген. Спектакль Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында  өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#драма театр