$ 494.87  520.65  4.91

Эмомали Рахмон өмірінің соңына дейін президент тағында отыруы мүмкін

Тәжікстан парламенті ел конституциясына енгізуге ұсынылған түзетулер жобасын қарауға кірісіп кетті. Егер басты заң жинағына өзгерістер еніп жатса президент Эмомали Рахмон өмірінің соңына дейін мемлекетті басқаратын болады. Бұл жайында үкіметтегі сенімді дереккөздерге сілтеме жасай отырып "Интерфакс" хабарлады.

Конституцияның 65-ші бабында көрсетілгендей, бір тұлға мемлекетті екі мерзімнен артық басқара алмайды. Ал, жаңа түзетулер мақұлданса, бұл бап «Бейбітшілік пен ұлттық бірлікті қалыптастырушы - ұлт көшбасшысы» деген атағы бар президентке жүрмейді. Демек, заңға өзгеріс енсе Э.Рахмон 2020 жылы болатын президенттік сайлауда өз кандидатурасын ұсынатын болады.

Сонымен қатар, жаңа өзгертулер президенттікке үміткердің жасын да жаңадан айқындайтын болады. Қазіргі заңға сәйкес, кандидаттың жасы 35-тен кем болмауы тиіс және ол мемлекеттік тілді толықтай меңгерген, елде кем дегенде 10 жыл тұрған Тәжікстан азаматы болуы керек. Ал, жаңа заң жобасында 35 жас 30-ға дейін қысқартылған. Яғни, Эмомали Рахмонның ұлы Рустами Эмомали де 2020 жылы сайлауда өз кандидатурасын ұсынбақ. Ол кезде президенттің ұлы 33 жасқа толады.

Дей тұра, Конституцияға өзгеріс енгізуде біршама кедергілер бар. Ол үшін ең алдымен халықтық референдум өткізіп, тәжікстандықтардың қолдауын алу керек. Ал, референдум өткізу үшін парламент депутаттарының үштен екісінің рұқсаты керек.

Айта кетейік, өткен жылдың сәуірінде Тәжікстан ғалымдары Рахмонға "Ұлт көшбасшысы" деген атақ беру ұсынысын көтерген болатын. Қарашада жаңа заң жобасы парламент төменгі палатасының депутаттарына қарауға берілді. Ал, желтоқсан айында президенттің өзі оған қол қойып, өзіне "Ұлт көшбасшысы" деген атақ берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары