$ 494.87  520.65  4.91

Алдағы аптада мұнай бағасында айтарлықтай өзгеріс болмайды – сарапшы

Сейсенбі күні Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Арагши аптаның соңында МАГАТЭ-нің Иранның яқролық бағдарламасына қатысты оң жауабын күтетінін мәлімдеді. Ал алдағы дүйсенбіде санкция біржола алынып тасталады деп күтілуде. Бұлай болған жағдайда, келер аптадан бастап Парсы шығанағы арқылы тәулігіне 500 мың баррель қара алтын нарыққа жол тартпақ. Аббас Арагшидің айтуынша, сенбі-жексенбі күндері Иран сыртқы істер министрі Мұхаммед Джавар Зариф пен Еуропаның сыртқы саясат комиссары Федерик Могеренидің санкцияны біржола алып тастау туралы бірлескен мәлімдемесі жарияланбақ.

Иран атом агенттігінің өкілі Бехруз Камальванди қаңтардың 12-cі күні МАГАТЭ инспекторлары Иранға келіп, санкцияны алып тастау үшін жасалатын шараларды ақырғы рет тексеріп кеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Иранның «Тасним» ақпарат агенттігі. Жұма күні МАГАТЭ инспекторлары 2015 жылдың шілде айында қол қойылған келісім бойынша атом өнеркәсібі нысандарынан тиісті материалдар мен құрылғылардың алынғанына көздерін жеткізіп, сол күні санкцияны алып тастау туралы шешім шығарылуы тиіс, деп хабарлайды Bloomberg басылымы. Дегенмен, мәселеге қатысты МАГАТЭ-нің баспасөз қызметі әлі ешқандай мәлімдеме жасамай отыр. Тақырыпқа қатысты  TenkoFX  компаниясының брокері Аманжан Қоңыратбаевпен сұхбаттасқан едік. 

- Алдағы Иран мен МАГАТЭ өкілдерінің кездесуінен қандай жаңалық күтеміз? 

- Дүйсенбі күні МАГАТЭ-нің санкцияны алып тастау туралы шешім шығаруы екіталай. Мұнда бір ғана Иранның емес, Араб әлемі, Ресей мен АҚШ-тың да мүдделері қызығушылықтары бар. Жалпы, санкцияның алынатыны Америкадан басқа экспорттаушы мемлекеттердің ешқайсысының оң жамбасына тиіп отырған жоқ. МАГАТЭ-нің теріс шешіміне ең алдымен Сауд Арабиясы мүдделі. Санкцияның арқасында Азиядағы басты экспорттаушылардың біріне айналған Ресей үшін де Иранның қайта оралғаны тиімді емес. Дегенмен, ерте ме, кеш пе Иранның қайта мұнай сата бастайтыны анық. Өйткені оған ең алдымен Америка мүдделі. Себебі, тауар бағасының арзандағаны зиян көрінгенімен, АҚШ-тың бұл тұрғыдағы мақсаты басқа. Шикізат бағасын төмендету арқылы ықпалын арттырып, доллардың құнын нығайту. 

Ал жұма күні өтетін Иран мен МАГАТЭ өкілдерінің кездесуі кезінде қор нарығындағы баға барреліне 28-30 доллар аралығында құбылып, келесі аптаның басында қайтадан 29-31 доллар аралығына әкелінеді. 

- Мұнайдың психологиялық меже саналатын 30 долларға әлдеқашан жетті. Нарықтағы баға енді қалай өрбиді?

- Қысқа мерзімді ауытқулар болғанымен, мұнай бағасының негізгі алған бағыты төмендеуде. Жақын болашақта бағаның қалпына келуін былай қойғанда, осы деңгейін сақтап қалуы екіталай. Биылдан бастап нарыққа кірген Америка мұнай экспортын әлі де көтере түсуді жоспарлап отыр. Осы қаңтар айында, болмаса ақпан айының бірінші жартысында АҚШ-тың шикізат пен сыртқы сауда органдарының кеңесі өтеді. Құрама штаттардың қазір бағаны төмендетуіне мүдделі екенін ескерсек, кеңес қорытындысы бойынша экспорт көлемін арттыру туралы шешім қабылдануы тиіс. ОПЕК мүшелері үшін де қазір маңыздысы тауар бағасының қымбаттылығы емес, нарықтағы орындарын сақтап қалу, мүмкін болса үлестерін арттыру. Ал Венесуэланың белгілі бір минималды баға белгілеу туралы ұсынысына ешкім құлақ асып отырған жоқ. 

Санкция алынған жағдайда Иран шет елдегі жабылған шоттарын қайта іске қосып, мұнай экспортына кіріседі. Бұл нарықтағы қара алтын көлемін арттырып, бағаны тіптен төмендетіп жіберуі әбден мүмкін. Мәселеге қатысты қазірде мамандардың пікірі екі топқа бөлініп отыр. Оптимистік болжамға ие сарапшылар алдағы жарты жылда баға 50 долларды маңайлайды десе, енді бірі қара алтынның көп ұзамай 16 долларға бағаланатынын алға тартады. МАГАТЭ-мен арадағы келісімшарт бұзылған жағдайда санкцияның қайта күшіне екені айтылған. 

Әзірлеген Бауыржан Мұқанов

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары