Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Мысырдағы ҚР елшілігі қызметкері Еламан Жолдасовтың өлімі туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды Skifnews.kz дипломатиялық ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Елшілігі қызметкері Еламан Жолдасовтың жұмбақ жағдайда қаза тапқаны туралы ақпарат тараған еді. Марқұмның отбасы қайғылы жағдайдың 13 желтоқсан күні болғанын айтады.
"ҚР СІМ Мысырдағы ҚР Елшілігі қызметкері Е. Жолдасовтың өлімі туралы ақпаратты растайды. Қазіргі уақытта аталған елдің прокуратурасы тиісті тергеу шараларын жүргізіп жатыр.
Осыған байланысты, тергеу нәтижелері бойынша ресми нұсқа шыққанға дейін осы жағдайға қатысты әр түрлі түсіндірулер мен негізсіз нұсқалардан аулақ болуды сұраймыз. СІМ өкілдері тергеу жұмысына қатысу үшін Мысырға аттанды",- деп хабарлады ведомствода.
Министрлік мәліметінше, егжей-тегжейлі ақпарат 18 желтоқсан күні ҚР СІМ ресми өкілінің брифингінде ұсынылады.
"Министрлік Е. Жолдасовтың жақындары мен туыстарына шын жүректен қайғырып, көңіл айтады және дипломаттың жанұясына барлық тиісті көмекті көрсетеді",- делінген хабарламада.
Дипломаттың әпкесінің айтуынша, марқұмның денесі үй подъезі маңынан табылған.