Алматыда жанармай бекетінің кассирін пышақтап, кассадағы ақшаны қолды қылған, деп хабарлайды КТК телеарнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы.
Күдікті алысқа ұзамай ұсталған. Қаскөй кассирдің жақын танысы екен. Бекет қызметкері жапа шеккен әріптесінің әрекетін түсіндіруге тырысты.
"Ана кісіден келіп тамақ сұраған. Ол сосын тамақ жылытып, тамақ берген. Кінәсі сол", - дейді жанармай құю бекетінің қызметкері Қарлығаш Шайдарова.
Телеарнаның хабарлауынша, полицияның мәліметі басқа. Сақшылар кассир мен қаскөйдің бөтелкелес болғанын айтады. Сол күні екеуі әдеттегідей арақ ішкен. Сол жерде күдікті танысынан ақша сұрапты. Ал қарызды ала алмаған соң тамағынан, шүйдесінен екі мәрте пышақ сұққан. 40 мың теңгемен ізін суытқан күдікті ұсталып, қамауға алынды. Ал оңбай жараланған кассир ауруханада жатыр. Ақ халаттылар пышақ 54 жастағы азаматтың күре тамырына бір миллиметр ғана жетпей қалғанын айтады.
"Бізге мойнындағы пышағымен ауыр жағдайда келіп түсті. Шұғыл түрде ота жасадық. Қазір жағдайы қалыпты. Бір аптадан соң үйіне жібереміз", - деді хирург Арсен Семенов.
Естеріңізге сала кетейік, жанармай бекетінде досының жұмысына келген қаскөй оның мойнына пышақ сұққанын жазған болатынбыз. Ол досынан қарызға ақша сұраған.