$ 494.87  520.65  4.91

Қарқаралыдағы мектеп 195 мың теңгеге сатылып кетті (ВИДЕО)

Үлкендер саудаласып жүргенде, балалар қиналып жүр. Бар бүлдіршін 20 шақырым жердегі интернаты бар мектепке қатынап, білім алуда.

Саудаға түскен білім ошағы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында орналасқан. Аудан басшылары өздеріне қарасты бір ауылдағы мектепті сатуға қойып, әлдебір азаматтың қолына беріп жіберген. Қалай сатқанын да айтып берді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

Ауылдықтар болса, мектепті қайтар деп даурығуда. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қарқаралы ауданындағы Қаракөл ауылы. 400-дей адам мекен етеді. Тұрғындары әдеттегідей газеттегі хабарландыруларды оқып отырып, өздерінің мектептерінің сатылып кеткенін кездейсоқ білдік деп дабыл қақты. Бағасы да күлкілі 200 мың теңгеге жетер-жетпес. Доллар емес, теңгемен. Сатылымға аудандық әкімдік қойса керек. Енді Қаракөлдіктер сол келісімді бұзуға күш саламыз деп бекінген.

"Келісім-шарты бұзу. Бұзып, бізге басшылар осыны қайтарып берсе ауылға. Басқа жоқ. Егер сол сол сатып алған адамға ақшасын қайтарып берсек, өйткені халық ақша жинап қойдық. 200, жарайды, жолына, әділ болуымыз керек, 300-400 мың ғып берсек, школды қайтарып берсе, ешкім ұтылмайды да",- деді ауыл тұрғыны Алмас Қанафин.

Ауылдықтар бұл ұсынысты білім ошағының жаңа иесіне де айтыпты. Бірақ онысы алғыларың келсе, 2 млн беріңдер деп жауап қайтарса керек. Оны бұзып, өзіне үй салғысы келтінін айтыпты. Аяқ асты мектептен көз жазып қалғандар "енді ол үшін өліспей беріспейміз" дейді.

"Қазір келеміз десе, ешкімге бермейміз бұл мектепті! Халық болып шығамыз. Ауылдың жастары да келеді. Мынаның артында бір материалдар болды, оны алып кетті. Білмейміз оның бәрін, мына жақтан батарейкаларды алып жатыр", - деді ауыл тұрғыны Еқканат Мұхтаров.

Белгілісі, мектеп екі жылдан бері жұмыс істемейді. Тәртіп бойынша бастауыш сыныптарда кем дегенде бес бала болуы керек екен. Жиналмай қалып, жабылды. Осыншалық арзанға өтерін білгенде, өздеріміз сатып алар едік дейді, ауыл тұрғындары. Қаракөл әкімі мектептің сатылымға қойылғаны туралы бәрі естіген, дейді. Жаңа қожайынымен тілдесіп те үлгеріпті.

"Сатылып кеткеннен кейін уже жеке меншік. Ол өзі біледі. Бірақ мен оны келгенде айттым. Әй, сен мынаны бұзба дедім. Сен бұзбасаң, айналасындағы шарбағына біз тиіспейміз, алмаймыз. Ал егер сен бұзатын болсаң, біз онда шарбағын бәрін пристройка нелерін алып бермейміз деді. Ол бұзбаймын деді", - деді Қаракөл ауылдық округінің әкімі Берлібек Әбдікәрімов.

Мектеп құны неліктен бір соғым бағасымен кетті деген сауал мазалап, аудан әкімдігіне жол тарттық. Сөйтсе, әуел баста 9 млн теңгеге қойылыпты. Бос тұрған ғимаратты ешкім алғысы келмеген. Құны екі есе төмендетіліп, тағы қойылды. Онда да болмады. Ақыры, ниет еткендердің өз бағасы электронды түрде сараланған екен. Енді жаңа жылдан кейін тіркеу шаралары қолға алынбақ.

"Бәрі электронды түрде өтті. Ол жерде сатып алушы өзі қояды бағасын. Жаңағы 195 мыңға сатып алды", - деді Қарқаралы аудандық мемлекеттік активтер мен сатып алу бөлімінің төрағасы Жұлдыз Қыстаубаева.

Үлкендер саудаласып жүргенде, балалар қиналып жүр. Бар бүлдіршін 20 шақырым жердегі интернаты бар мектепке қатынап, білім алуда. Ата-аналары такси жалдап, шығындалып жүрсе керек. Бізге ағынан жарылған балақай көз жасын тыя алмай бар өкпесін айтып қалды.

"Сабаққа барған кезде біз көп күн қаламыз. Көп күн қалып, мұғалімдерден ұрыс естиміз. Біз сабаққа таксимен барып жүрміз. Әке-шешеме өте қиын ол", - деді мектеп оқушысы Карнеля Девие.

Бір жұбаныш осы болар. Аудандық білім бөлімінің басшысы арнайы автобус бөлуге уәде берді. Бірақ мектепті қайтару қиын болатын сияқты. Өйткені, сауда аяқталған соң келісім тек сатып алған қожайынмен жүруі керек. Ауылдықтардың сөзіне сенсек, Қаракөлге қайтып келіп жатқан жас отбасылар бар екен. Білім ошағы қайта ашылып, ауыл тамырына қан жүгірер деген үмітпен жүр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары