$ 494.87  520.65  4.91

«Ресми көзқарастан мүлдем арылуымыз қажет» - Бас прокурор

Бас Прокурордың сөзінше, елдегі криминогендік жағдай жақсарған. Өткен жылмен салыстырғанда, қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 17 %-ға азайды. Кісі өлтіру 11%-ға, бұзақылық 28%-ға, есірткі қылмысы 12%-ға азайған.

Бүгін Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысында Ғизат Нұрдәулетовтің төрағалығымен 2019 жылы прокуратураның атқарған жұмыстары қорытындыланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ҚР Бас прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Бас прокурордың сөзінше, елдегі криминогендік жағдай жақсарған. Өткен жылмен салыстырғанда, қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 17%-ға азайды. Кісі өлтіру 11%-ға, бұзақылық 28%-ға, есірткі қылмысы 12%-ға азайған.

«Біз кез келген заң бұзушылықтарға дер кезінде төтеп беруге тиіспіз. Ең тиімдісі - оларға жол бермеу», - деді Бас прокурор. Ол, сондай-ақ, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

Алқа отырысында қоғамдық мүдделерді қорғау саласындағы тексерулердің нәтижелері айтылды. Прокурорлардың көмегімен 30 мың қызметкердің жалақысы өтелген. Берешектің жалпы сомасы - 2 млрд теңгеден астам.   

Прокурорлық ықпал ету актілері бойынша, 17 мыңнан астам адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне 30 млрд теңге өндіріп алынған. 37 мың пайдаланылмайтын жер телімдері кері қайтарылды. Сот жұмысы арқылы 47 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттің мүддесі қорғалған.  

Бас прокурор Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарына айрықша мән берді. Қылмыстық процесте заңдылықты қамтамасыз етуде және адам құқықтарын сақтауда прокурорлардың үйлестіруші рөліне баса назар аударды.

Ағымдағы жылы прокурорлар 219 адамды негізсіз қудалауды тоқтатты. Қызметтік үй-жайлардан және изоляторлардан 725 заңсыз ұсталған адам босатылған.  

Прокурорлардың өтініштері мен наразылықтары бойынша соттар 1172 азаматқа қатысты үкімді қайта қарады. Прокурорлардың бастамасымен 36 адам ақталған.  

Қадағалау органының жұмысын қорытындылай келе, Ғизат Нұрдәулетов азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қоғамда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша барлық күш-жігерді жұмсауды тапсырды.

«Прокуратура органдарының қолжетімділігін одан әрі арттыру қажет. Әрбір арыз бойынша жедел әрі тынымсыз жұмыс істеу керек. Жұртшылықпен етене қарым-қатынас - негізгі басымдықтардың бірі. Біз ресми көзқарастан мүлдем арылуымыз қажет», - деп түйіндеді сөзін Бас прокурор.

Алқа отырысының қорытындысы бойынша, қадағалау ведомствосының басшысы алдағы жылға арналған басым міндеттерді айқындап, негізгі бағыттарды белгіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары