Бүгін Парламент Мәжілісінің депутаттары 2019 жылдың соңғы отырысын өткізді. Алда оларды да жаңа жылдық демалыс күтіп тұр. Бір қызығы, біздің премьер-министр Армениядағы әріптесі сияқты, арнайы бұйрық шығармаса да, біздің сұраққа жауап берген депутаттардың бәрі Жаңа жылды «үйде қарсы алып, демалысты отбасыларымызға арнаймыз» дейді.
«Бурабайға да бармаймын»…
Мәселен, жас депутаттардың бірі, кәсіби актер Нұрлан Әлімжан 31 желтоқсан мерекесін отбасымен Нұр-Сұлтан қаласында қарсы аламын дейді. Оның әріптесі Айқын Қоңыров та шетелге де, басқа қалаға да шықпай, елорданың жаңа жылына куә болмақ.
Ал, бұл кісілердей емес, депутат Бақытбек Смағұл үшін жаңа жыл 1 қаңтардан емес, 22 наурыздан басталады екен.
«Қай жаңа жылды айтып тұрсыз? Наурыз ба?» деді Бақытбек Смағұл Азаттық рухы тілшісінің «31 желтоқсанды қайда және қалай қарсы аласыз?» деген сұрағына.
Дегенмен, күнтізбе бойынша жаңа жыл 1 қаңтардан басталатындықтан, біз 31 желтоқсан мен 2020 жылдың басындағы жоспарларын сұрадық. Төрт күнгі демалыста Бурабайға да бармай, үйде боламын дейді ол.
«Жаңа жыл қарсы алатындай емес, біздің мереке Наурыз ғой...Төрт күн демалыста ешқайда шығуға уақыт жоқ. Бала-шағаммен үйде боламын»,- дейді Бақытбек Смағұл.
«Арменияның премьер-министрі диктаторлық жасады»
Ал коммунист-депутат Владислав Косарев болса, «депутаттарды Жаңа жылды елден шықпай қарсы алуға бұйрық беру – диктаторлық» дейді. Дей тұра, шетел оны мүлде қызықтырмайтынын, туған еліне деген патриоттықтың белгісі ретінде Жаңа жылды «үйде қарсы алатынын» айтты.
«Мен шетелдік өмір қызықтырмайды. Мен өз елімді сүйемін. Әр Жаңа жылды үйімде қарсы алғым келеді. Яғни, Жаңа жылды қалай қарсы алсаң, жыл солай өтеді. Бірақ, «шетелге тойлама» деп бұйрық беру – диктаторлық болып кетеді», - дейді Косарев.
«Мама, мама, мама, мәңгі дос сен ғана...»
Мәжілістегі белсенді депутаттардың бірі, бұрынғы мектеп директоры ретінде парламентте ұстаздардың құқығын қорғап жүретін депутат Ирина Смирнова Жаңа жылда Қазақстанда боламын дейді. Бірақ, дәл қай қаласында мерекелейтінін айтқан жоқ. Есесіне, ол демалыстардан кейін білек сыбана жұмысқа кірісіп, сайлаушыларымен сан түрлі кездесу өткізеді.
«Жаңа жылдан кейін проблемалы қарыздары бар адамдармен кездесемін. Дәлірек айтсақ, Мадина Әбілқасымовамен (жаңадан құрылған қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттік төрағасы - авт) проблемалық қарыздар және сондай қарызы бар адамдардың жағдайы туралы кездесемін. Одан басқа, өңірлерде білім беру мекемелерінің, интернат мекемелерінің қызметкерлерімен кездесемін. Сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдармен арада гендерлік теңдік тақырыбы бойынша кездесулер өтеді. Ал, жаңа жылды үйде, анаммен, осы Қазақстанда қарсы аламын», - дейді Ирина Смирнова.
«Ішімдік ішпейміз, жаңа жыл кешін көрген жоқпыз»
Төменгі палата депутаты Павел Казанцев осы шақырылымдағы (алтыншы шақырылымдағы мәжіліс депутаттар 4 жылға таяу жұмыс істеп келеді - авт) депутаттар ешқашан «корпоратив», яғни, ұжымның жаңа жылдық кешін ұйымдастырып көрген жоқ дейді. Бірақ, кабинеттерде жиналып, ара-тұра отырыс жасап тұратындарын жасырған жоқ.
«Осы шақырылымдағы депутаттар, төрт жылдай уақыт бойы бірыңғай корпоратив жасап көрген жоқ. Депутаттар кабинеттерінде жиналып, атап өтеді, ішімдіксіз. Ал, өз басым Жаңа жылды Шығыс Қаақстанның тауларында қарсы аламын. Шығыстың тауы, қары, таза ауасы тамаша. Шетелге бармаймын», - дейді ол.
Дереккөз: Азаттық рухы