$ 494.87  520.65  4.91

Алматылық отбасы перзентханадағылардан «сәбиді ауыстырып жіберген» деп күдіктенеді

«Оны үйге келіп ашқанымызда, шошып кеттік», - дейді Ульяна Давыдова.

Алматы облысында бір отбасы перзентхана қызметкерлері сәбиімізді ауыстырып жіберді деп отыр, деп  хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК-ға сілтеме жасап. 

Ульяна Давыдованың айтуынша, дәрігерлер сап-сау туған жиен немересін алып кеткен. Екі күннен соң жаңа туған баланың орнынан өзгенің өлі нәрестесін берген. Өйткені, шетінеген сәбидің бетінде үлкен жара болыпты. «Біздің балада ондай болған жоқ», - дейді ол.

Ол сәбидің туғаны туралы қағаздағы мәліметтерді дәрігерлердің өзгертіп жібергеніне де сенімді. Перзентхана басшылығы мұның бірін де мойындамады.

17 жасар Виктория қазір ұлын бағып отыратын еді. Оның орнына, анасы екеуі сәбидің санаулы суреттерін қайта-қайта қарап, қайғырып жүр. 

Айтуларынша, қыздың жүктілік кезеңі жақсы өтіпті. 8 мамырда мерзіміне екі апта жетпей Артемді өмірге әкелген. Бірақ, дәрігерлер баланы бірден алып кеткен көрінеді. 

«Сәбиді орап, алып кетті. «Екі сағаттан кейін әкелеміз» деген. Бірақ, сөзінде тұрмады. Кейін оның жан сақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды. Ол жердегі дәрігерге барғанымда: «Бәрі жақсы, баланы көп ұзамай анасына апарамыз», - деді.

Бірақ, бес минутқа әкеліп, қайта алып кеткен. Екі күннен соң дәрігерлер Артемның тыныс алу жүйесінде ақау бар екенін жеткізді. Ал үшінші күні ақ халаттылар шақалақтың шетінеп кеткенін жеткізген. Сөйтіп, қолына баланың сүйегін беріпті.

«Оны үйге келіп ашқанымызда, шошып кеттік», - дейді Ульяна Давыдова. Өйткені, баланың беті үлкен қызыл жараға толы болған. Ал оған дейін «мұндай жоқ» дейді. Сондықтан отбасы дәрігерлер «сәбиді ауыстырып жіберген» деп топшылайды.

«Баланы ауыстырып жіберген деп ойлаймын. Қызым жап-жас, күйеуі жоқ. Оның үстіне, он екі мүшесі сау бала туды. Ал басқа біреудің баласы ауру болып туған. Сөйтіп, екеуін ауыстырған. Мұндай жағдай біздің перзентханада бірінші рет емес», - дейді Ульяна Давыдова. 

«Дәрігерлер сәбидің туғаны туралы бір жапырақ қағаздағы мәліметтерді өзгерткен», - дейді ашынған ана. 

Мәселен, баланың салмағы мен туған күні сәйкес емес. Құжаттарда оның қан тобы да басқаша көрсетіліпті. Осының бәрі үлкен күмән тудырып отыр. Отбасы мүшелері құзырлы орындарға шағымданып, қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, оның нүктесі әлі қойылған жоқ.

Жуырда баланың сүйегі қазып алынып, сот-медициналық сараптама жүргізілген. Терінің шіріп кеткенін алға тартқан мамандар баланың ДНҚ-сын анықтай алмапты. Ал қара жамылған отбасы «бүкіл орган келісіп, істі жылы күйінде жауып тастамақшы» дейді. Даудың ортасында қалған Есік қаласындағы перзентханадағылар «сүттен ақ, судан тазамыз» деп отыр. 

«Біздің ешқандай қатысымыз жоқ. Ештеңені түзеткен жоқпыз. Бала өкпе қабынуымен туды. Сосын ол жан сақтау бөліміне ауыстырылды. Бірақ, ем-дом көмектеспеді. Ешкімді ауыстырған жоқпыз. Бұл барып тұрған жала ғой. Ал бетіндегі қызыл жараның пайда болуына лейкопластырь себеп», - дейді перзентханадағылар.

Яғни, бұл аллергия көрінеді. Көңіліне күдік ұялаған Давыдовтар шетінеген нәрестенің кімдікі екенін білгісі келеді. Сол үшін қазып алынған мәйітке қайта сот-медициналық сараптама жасалғанын қалайды.

«Егер сәби өздерінікі болса, оның нақты неден көз жұмғанын анықтау керек», - дейді перзентхана директорының орынбасары Гүлнәр Мамырбаева.

Енді сәбилерінен айрылған отбасы осы жағдайға кінәлі адамдардың заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары