Алматылық полицейлер алаяқтықпен айналысып, бірнеше тұрғынды тақырға отырғызған күдіктіні ұстады. Ол жәбірленушілерге арзан бағамен үй, жер учаскелерін алып берем деп уәде еткен және 200 мыңнан астам долларды алып ізін суытқан. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Ұсталған күдіктінің жасы 59-да, аты-жөні - Абай Азбергенов. Оның үстінен бірінші арыз биылғы жылдың 5 қаңтарында келіп түскен. 85 мың долларын санап берген қала тұрғыны екі пәтерді қатар алмақ болған екен. Алайда, ол жер алданып қалғанын кейін білген. Осы секілді тергеу барысында тағы да алданып ақшасын берген екі адамның бар екені белгілі болды.
Алмалы аудандық ІІБ басшысы Асқар Болатовтың сөзінше, 29 жастағы қала тұрғыны екі үйді қатар алмақ болып, 79 мың долларын бөліп-бөліп берсе, екінші азамат 29 долларға қала ортасынан жер телімін алмақ болған көрінеді. Ақшаны санап алған алаяқ бірден ізін суытып, ұялы телефондарын өшіріп, алданған азаматтардан бой тасалап жүрген. Қазір ол тергеу абақтасында. Оның өзге де қылмыстарға бар-жоғы анықталуда.