$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақфильмді» сату - Айманов әруағын сыйламаудың белгісі

Бұған дейін Үкімет Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын жекеменшікке сататынын мәлімдеген болатын. Алайда, қазақ киносының қара шаңғырағы саналатын киностудияны сатып алуға әзірге ешкім ниет танытып жатқан жоқ. Бұл әрине, қуанарлық жағдай. Әйтсе де, кез келген уақытта Шәкен Айманов атын иемденген «Қазақфильм» киностудиясы сатылып кетуі мүмкін. Бұл аз десеңіз, жуырда киностудияның атқарушы директоры болып ресейлік маман тағайындалды.

Бүгінде «Қазақфильмнің» жекеменшікке сатылуы мен оның басшылығына Владимир Бажинның келуі қызу талқыланып жатыр. Олардың басым көпшілігі  қазақ киносының қара шаңғырағы болған киностудияның болашағына алаңдаулы. Өйткені, киностудия жекеменшікке өткеннен кейін тарихи туындылар түсіру мүлде ұмыт қалады. Бұл журналист әрі киносыншы Әсия Бақдәулетқызының пікірі.

– Үкімет Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясын жекеменшікке беруді көздеп отыр. Демек, бұл арада біздің көзқарасымыз ештеңе шешпейді. Менің ойымша, аталған киностудияның қандай жағдайда жекеменшікке өтетіндігіне мән берген жөн сияқты. Мәселен, біз бұған дейін «Қазақфильм» ұлттық фильмдерді көптеп түсіру керек» деп талап қойып келдік. Оның үстіне, киностудия үкіметтің қарамағында болған кезде киностудияны салыстырмалы түрде ұлтқа жаны ашитын азаматтар басқарды. Соған қарамастан, кино сценарилердің басым бөлігі орыс тілінде жазылып, фильмдер орыс тілінде шықты. Сондықтан да, «Қазақфильмде» түсірілген кионолар халықтық деңгейде түсірілді деп айта алмаймыз, – дейді Әсия Бағдәулетқызы.

Шынында да, киностудия жекеменшікке өткеннен кейін «Қазақфильмннен» «Жау жүрек мың бала», Біржан сал», «Құнанбай»,  «Аманат» сынды фильмдер көре алмауымыз мүмкін. Алайда, көрерменнің жағдайына алаңдап, бас қатырып отырған Үкімет жоқ. Бас қатырмағаны болар, Мәдениет және спорт министрлігі жуырда ресейлік маманды «Қазақфильм» АҚ атқарушы директоры етіп тағайындады. Вице-министр Ғалым Ахмедьяровтың айтуынша, министрлік Бажинды киностудияны жетілдіріп, халықаралық тәжірибеден тәлім алу үшін шақырған. Сондай-ақ, ол Бажин арқылы «Қазақфильмді» халықаралық деңгейге көтеріп, фильмдері халықаралық прокатқа шығаруды мақсат етіп отырғанын айтты.

Осы ретте, Мәдениет және спорт министрлігі қызығып, киностудияның басшылығына шақыратындай Владимир Бажин кім? Мәліметтерге сүйенсек, ол Ресей кинематографистер одағының және Петербор кинематографистер одағының басқарма мүшесі. Сонымен қатар, Владимир Бажин «На краю», «Русские», «Мәскеу-Берлин», «После Византии» сынды фильмдерге продюсер болған. Байқағандай, Владимир Бажин орыстың рухын көтеретін фильмдерді шығаруға ықпал еткен көрінеді. Демек, оның қазақ тарихына селқос қарап, тіпті қарсы болуы әбден мүмкін ғой?! Өйткені, қазақ пен орыстың тарихы бір-бірімен қарама-қайшы екенін екінің бірі біледі.

– Қазіргі таңда «Қазақфильм» шығарған кинолардан сапасынан нашар фильмдер халықаралық деңгейде көрсетіліп жүр. Халықаралық нарыққа шығу үшін бізге киноның сапасынан бұрын маркетинг мәселесіне көп көңіл бөлген жөн. Нақтырақ айтсам, өзің шығарған өнімді жақсы жарнамалап, сата білу керек. Нашар түсірілген киноға жақсы жарнама жасасаң, одан қомақты табыс түсіруге болады. Өйткені, қазір жарнама киноның сапасынан да маңызды болып кетті. Осы тұрғыдан алғанда, бізге білікті мамандарды тарту қажет те шығар. Алайда, өз басым «Қазақфильмнің» саясатын жүргізуді шет елден келген маманға бере салуға үзілді-кесілді қарсымын, – дейді Әсия Бағдәулетқызы.

Иә, расында «Қазақфильмнің» тізгінін шет елдік маманның қолына бере салу құптарлық дүние емес. Алайда, бұл мәселе бақыттан басы айналып жүрген Арыстанбек Мұхамедиұлын ойлантар емес. Сондай-ақ, Үкімет «Қазақфильм» киностудиясын сату арқылы Шәкен Аймановтың әруағын сыйламайтынын аңғартып алды. Жалпы, Кәрім Мәсімов басқаратын министрлер кабинеті үшін қазақтан шыққан тұлғаларлың құны көк тиын секілді. Мұны біз әлдеқашан түсінгенбіз.

С.АСЛАНБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары