Израиль дәрігерлері С гепатитін емдеуде айтулы жетістікке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл ауыр дерттен әлем бойынша жылына жүздеген мың адам қайтыс болады. Ғалымдар жасап шығарған жаңа препараттың көмегімен науқастар аурудан құлан таза айығып жатыр.
С гепатиті әлемдегі ең қауіпті дерттердің қатарында тұр. Бұл вирус адам ағзасында ондаған жылдар бойы білінбей, кейін бауырды ауыр зақымдап, ажалға әкелуі мүмкін. Әлем бойынша осы ауруға 150 миллион адам шалдыққан, жыл сайын одан 350 мың адам ажал құшады. Израиль ғалымдары осы қауіпті ауруды жеңетін дәрілерді жасап шығарды.
Орон Шиполет, Гепатологиялық бөлімнің жетекшісі: - Осыған дейін ескі дәрілерді қолданғанда бұл аурудан жазылу көрсеткіші 50% шамасында болатын. Біздің көрсеткішіміз 90%-тен асып тұр. Оған қоса, емін қиындататын жанама әсерлерінен құтылдық.
Мамандар бұрынғы дәрілердің жанамалық әсері химиотерапиямен шамалас екенін айтады. Оның салдарынан тіпті кейде ем беруге мүмкіндік болмайтын. Сондай-ақ аурудан жазылу мерзімі бір жылдан жарты жылға дейін азайды.
Елена Кацман, гепатолог: - Біз вирустан толық сауығу туралы айтып отырмыз. Осыдан кейін ол ешқашан қайталанбайды және бауырға зиян келтірмейді.
Бұл медицинадағы нағыз революция болды. Енді қымбат тұратын дәрі тамызғыштардың қажеті болмайды. Науқас дәрі ішіп, дайын шприцтармен екпені өзі жасай алады. Гепатиттен алғашқы болып емделгендердің бірі – Голливуд жұлдызы Памела Андерсон. Израильде емнің бұл әдісі мемлекеттік сақтандыру пакетіне енгізіліп, қазірдің өзінде ондаған мың адам бұл дерттен жазылды.