Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне журналист тарапынан күтпеген сұрақ қойылды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында қала әкімінің журналистермен кездесуі өткен болатын.
Алтай Көлгінов елордамыздың қазіргі халін бүкпесіз баяндап, журналистердің де сұрақтарына жауап берді. Алда атқарылатын іс-шаралардың барысымен таныстырды.
Осы орайда ұлттық арнаның журналисі Әлімжан Сабыржанұлы әкімге ерекше сұрақ қойып, журналистерді елең еткізді. Бұл туралы Жарқын Түсіпбекұлы Facebook-парақшасына жазды.
Биыл Абайдың 175 жылдығы еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтетіні бәріне мәлім. Журналист әкімдіктің Абай ескерткішінің жанында орналасқанын алға тартып, одан "әкім Алтай һакім Абайды оқи ма?" дей келе, Абай өлеңінен үзінді оқып беруін сұрады.
"Абайдың 175 жылдығы қарсаңында елордамызда "Абай әлемі" орталығы ашылады. Ұлы Абай - қазақтың талай кемшілігін көтерген, қазақтың болмысын айтқан тұлға. Абайдың қара сөздерінің өзі қазіргі уақытқа дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей", "Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға" деді. Түбіне келгенде, барлығы еңбекке келіп тұр.
"Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап".
Сондықтан бәрі сол - ақыл, ой, парасат, мәдениетке келіп тіреледі. Қазақты сол кезден еңбекқорлыққа шақырған. Қазақтың дархан даласындағы елордамызда жұмыс істеп жатырмыз, барлығымыз еңбектеніп. Хәкім Абайды ұмытпайтын болсақ, еңбекте нәтижеміз оң болады", - деді, ұлы ақынның әр өлең шумақтарының басын бір қайырған әкім.