25 жастағы Жігер Телеуханов Англиядағы гранттық оқуынан шәкірттері үшін бас тартып, елге оралды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы "Қазақстан-Маңғыстау" телеарнасына сілтеме жасап.
Жігер мұғалімдер арасында өткен халықаралық байқауға қатысып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам мұғалім ішінен "Химия пәнінің үздік мұғалімі" атағын алып, озып шықты. Байқау жеңгендерге магистратураны Англиядан тегін оқуға мүмкіндік береді. Бірақ жас жігіт грантынан бас тартып, Ақтау ғылыми-инновациялық лицейінің оқушыларына осыған дейін жиған-терген білімін бойларына сіңіруді жөн көрген.
«Менің мұғалім ретінде өзіндік міндеттерім бар. Мен үшін өз Отанының нағыз патриоттары - Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Абай Құнанбаев. Олар бір кездері жас ұрпақтың сауатты болуын қамтамасыз ету үшін болған. Біздің олардан қай жеріміз кем? Біз ата-бабаларымыздың жұмысын жалғастыруымыз керек», - дейді мұғалім.
Лицейдегі әріптестері жасына қарамастан химия пәнінің мұғалімін қатты құрметтейді, өйткен ол бос уақытында оларға семниарлар өткізіп, тәжірибе алмасып жүргенді ұнатады екен.
Ақтаулық ұстаз - полиглот, жеті тілді меңгерген. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ді бітірген, Англия мен Францияда да оқып қайтқан.
Жігер Телеуханов шәкірттерін химия пәні бойынша олимпиадаға дайындап жүр. Ол шәкірттерінің жүлделі орындарға ие болатынына сенімді.