Сот қызылордалық "Назерка Бекжанованы өлтірді" деп айыпталған жігітке қатысты мүлдем күтпеген шешім шығарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Естеріңізде болса, басы кесілген қыздың денесі Сырдария жағасынан 2018 жылдың күзінде табылған болатын. Марқұмның жанында кеудесі мен қарнынан пышақ жарақатын алған бір жігіт жатқан. Тергеу нәтижесінде, әлгі жарақаттанған жігіттің қызды өлтіргені анықталды. Прокурор жігіттің қызға үш рет пышақ сұғып, кейін оның басын оқиға болған жерден 10 метрге қашыққа лақтырып жібергенін айтқан. Кейін жігіт өз-өзіне қол жұмсамақ болады.
Марқұм болған қыз күдікті жігітке тұрмысқа шығудан бас тартқан екен. Оның осы әрекеті кісі өліміне себеп болған.
Жақында мамандар жігіттің шизофрениядан зардап шегетінін анықтап, арнайы диагноз қойып, түрмедегі жазадан құтылуына себеп табылды. Оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі мүмкін еді. Дегенмен, қазір ол психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде емделуге жіберілуде.
"Нәтижесінде, Қызылорда облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағына сәйкес, яғни, ерекше қатыгездікпен кісі өлтірген Бекеновты ауруханалық психиатриялық мекемеге мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады Қызылорда облысы прокуратурасы басшысының орынбасары Батырбек Нұрмағанбетов.