Алматыда қоқыстан жарамдылылық мерзімі өтіп кеткен тағамдарды тауып жейтін жастар тобы пайда болды. Бір ерекшелігі – олар ешқандай да үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастар емес. Бұлар мұндай әрекетке тек ақша үнемдеу үшін ғана барады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Бұл әрекеттеріне ұялмайтын олар, қоқыстан тамақтан басқа тұрмыстық заттарды, киімдерді тауып алып, әлеуметтік желі арқылы сатып көрген екен. Қоғамда мұндай жандар "фригандар" деп аталады.
Фото: видеодан скриншот
Диего есімімен өзін таныстырған 22 жастағы жігіттің түріне қарап, қоқыстан тамақ тауып жеп жүрген қаңғыбас деп әсте ойламайсың. Тұрақты жұмысы бар, ата-анасымен бірге тұратын жігіт 2 жылдан бері қоқыс аралап, күнін көріп жүр. Диеого жасап жүрген ісін "табиғатқа қамқорлығым" деп есептейді.
"Қала орталығында үлкен мейрамханалардың қоқыс жәшігіне де жиі барамыз. Онда дайын салаттар мен тағамдардың түр-түрін табуға болады. Мейрамхана иелері жарамдылық мерзімі өтіп кетті деп тастай салады, негізі ондай түк жоқ", – дейді Диего.
Азық-түлік сататын ірі сауда орнындағы мамандар болса, "мерзімі өткен тағамдарды қоқысқа тастамаймыз" деп ақталды.
Алматыда 20 адамнан тұратын арнайы жастардан құралған топтар күнде кешкісін әлеуметтік желі арқылы тапқан заттарының суреттерін бір-біріне жіберіп, бөлісіп отыратын көрінеді. Бұл орайда, инфекция мамандары болса, мұндай тағамдарды жеу денсаулық үшін аса қауіпті екенін алға тартты.
"Қоқыс жәшіктерінен табылған азық-түліктерді қолданған сәтте ондағы вирустар мен бактериялардың кесірінен адам ағзасында жұқпалы ішек аурулары пайда болады. Инфекциялық аурулардың ішіндегі ең қауіптісі – гельминтоз бен эхинококк ауруы. Бұл аурулар адам денсаулығында бірден байқалмайды. Уақыт өте келе, кері әсерін береді. Адамдар өз ағзасында мұндай аурулардың барын білмейді де. Ол арнайы тексеруден кейін анықталады", – дейді паразитолог Лиза Сейдуалиева.
Қоқыстағы тағамдар мен тұрмыстық заттарды іздеп тауып, тіпті, арасында жарамдысын сатып жіберіп те көрген олар, бұл әрекеттеріне бизнес ретінде қарамайды. Тек тағам, өмірлеріне қажетті заттар тауып пайдалану ғана.