20.01.2020, 13:00

Тоқаев отбасын құтқарамын деп, өзі ажал құшқан полицейді марапаттады

Оның артында қалған 4 айлық баласы бар.

 Бір отбасын қылмыскерден арашалаймын деп, қызмет бабында қаза тапқан полиция сержантын президент Қасым-Жомарт Тоқаев ІІІ дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы Полиция департаменті Қостанай ауданы полиция бөлімінің полицейі Дархан Серікұлы Базарбаев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталсын (марқұм)», - делінген Тоқаевтың жарлығында.

 Естеріңізге сала кетсек, қайғылы оқиға 19 қаңтар жексенбі күні Тобыл қаласында болды. 102 нөміріне Комсомольский көшесінде орналасқан үйде отбасылық жанжал болып жатыр деген хабар түскен. Полицияның патрульдік бригадасы  осы хабарды алған соң, аталмыш мекенжайға 6 минутта жеткен. Сол жерде бұрын сотты болған 28 жастағы қала тұрғыны бүкіл отбасын қырып, өлтіріп тастамақшы болып қорқытады.

Айналасына қауіп төндірген адам пышақ ала жүгірген кезде туысқандары оны үйге қамап тастап, полиция шақырған екен. Оқиға орнына жеткенде  қолына пышақ ұстаған адамнан отбасын құтқару кезінде Қостанай ауданы полиция бөлімінің полицейі Дархан Серікұлы Базарбаев қаза тапқан болатын.

 Оның артында қалған 4 айлық баласы бар.

Осы іске байланысты күдікті қамауға алынып, ҚР Қылмыстық Кодекстің 99-бап, 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүріп жатыр.