Желіде айдаһардың басы үшін төбелесе жаздаған қазақтар мен қытайлықтардың видеосы тарап жатыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Видеода қытайлықтар өздерінің символына айналған айдаһарды ұстап тұр. Бір жігіт осы мезетте айдаһардың басын сындырып кетеді. Оның әрекетіне ашуланған қытайлықтар төбелесуге ұмтылады. Бірақ үлкендер оларды жанжалдаспауға шақыруда.
Видеоны Мұрат Әбенов Instagram-парақшасында жариялады.
"Енді жетпегені осы еді. Неге Қытай азаматтарына Қазақстан жерінде ,қалалардың орталық көшелерінде заңсыз шеру өткізуге тыйым салынбайды? Полиция осыларды ұстамай ма?", - деп жазылған жазба астында.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиға күні кеше Алматыдағы Жамбыл Жабаев және Мағазы Масанчи көшелерінің қиылысында болған.
"Қазіргі кезде Алматы қалалық полиция департаменті осы оқиғаның куәгерлері мен қатысушыларын анықтау бойынша тексеріс жүргізіп жатыр. Осының нәтижесінде Қазақстанның заңнамасына сай шаралар қолға алынады", - деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.