Қоғамдық мәселеге бейжай қарамайтын Еркін Рақышевты Қытайдан тарап, әлемді дүрліктіріп жатқан короновирустың Қазақстан аумағына тарап кету қаупі алаңдатып, түн ұйқысын төрт бөліп жүргенге ұқсайды. Себебі ол, короновирус және Қазақстандағы қытайлар жайлы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа арнап facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында видео арқылы үндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алдымен Тоқаевтың короновирусқа қарсы ел ішіндегі жауаптыларға берген тапсырмасын мақтай келе, Қазақстанда заңсыз жүрген қытайлар мәселесін видеоүндеуінің желісіне арқау қылды.
"Осыдан екі-үш ай бұрын Алматы облысындағы бір кәсіпорында заңсыз жұмыс істеп жүрген жүздеген Қытай азаматы анықталып, еліне қайтарылды. Бұл тек бір компаниядағысы ғана. Ал елімізде жүздеген қытай компаниясы бар екенін ескерсек, оларда қанша қытайдың заңсыз жүргенін кім білсін!? Одан кейін, базар-барахолкаларда сауда-саттық жасап жүрген қытайлардың арасында заңсыз ғана емес, Қытайда қылмыс жасап, қашып келгендерде жүр деген әңгімелер бар. Қазақ қыздарына үйленіп, азаматтық алып жатқандары да жоқ емес. Осылардың барлығын қатаң тексеріп, заң бұзғандарды анықтап, жауапқа тартуға тапсырма берсеңіз!", - деп азаматтық ұсынысын видеоүндеу арқылы жолдады.
Атақты режиссер мұнан өзге, Қытайдан әкелінетін тауарлар жөнінде жанайқайын да айтып қалды.
"Қытайдан келетін кейбір тауарлардың 90 пайызына дейін контрабандалық жолмен өтеді дегенді биліктегілер де айтып жүр. Бұл не масқара!? Сонда біздің кеденді қытайлар бақылай ма, жоқ әлде, сатқындар ма!? Бюджетке күніне миллиондаған доллар ақша түспегенімен қоймай, ешқандай тексеріссіз өтетін тамақ пен дәрі-дәрмектің, тіпті, киімдердің де халық денсаулығына зиянды екені түсінікті ғой.
Қасым-Жомарт Кемелұлы, ниетіңіз дұрыс болғанымен, мұның барлығын шешу өте қиын екендігін түсінеміз!", - деген Еркін Рақышев, президенттен үлкен үміт күтетінін меңзеді.
Режиссердің үндеуін тамашалаған желі қолданушыларының біршамасының пікірлеріне көз жүгіртсек, олардың көпшілігі оның ойы мен ұсынысын қолдайтын секілді.