Жаңалықтар 09.02.2020 сағат 10:05

«Тұрмыстық кикілжің»: Бердібек Сапарбаев Қордайға барып, зардап шеккендермен тілдесті

Облыс әкімдігімен бірлесіп қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыру, келтірілген залалды бағалау және зардап шеккен меншік нысандарын қалпына келтіру бойынша көмек көрсетіледі.
«Тұрмыстық кикілжің»: Бердібек Сапарбаев Қордайға барып, зардап шеккендермен тілдесті
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы Жамбыл облысына барды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, үкімет басшысының ресми сайтына сілтеме жасап. 

Қордай ауылында вице-премьер ауруханаға барды, топтасқан төбелес кезінде зардап шеккен тұрғындармен сөйлесті. Медициналық мекемелерге 12 адам жатқызылды, 20 адам бақылауда және емханадан шығаруға әзірленуде. 5 пациент санитариялық авиация желісі бойынша Алматы қаласына, 1 пациент Тараз қаласына ауыстырылды. Барлығына қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Медициналық көмекке барлығы 127 адам жүгінді, оның ішінде 84 адам тексеруден соң үйлеріне жіберілді. 

Аудан ақсақалдарымен әңгімелесу кезінде Бердібек Сапарбаев болған кикілжіңнің негізгі себептері туралы сұрады. 

«Себебі - тұрмыстық кикілжің. Қазір жағдай тұрақталды. Барлығы заң бойынша, құқықтық сала аясында болуын сұраймыз», - деді Сортөбе ауылының тұрғыны Арли Мусаров. 

Вице-премьер ауданда тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет комиссиясы арнайы келгенін атап айтты. 

«Біз сіздерден, қоғамда беделі бар ақсақалдардан тұрғындарға біздің жағдайды объективті тұрғыда анықтау үшін келгенімізді түсіндірулеріңізді өтінеміз. Кінәлілер жазасын тартады. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық және басқа да көмек көрсетіліп жатыр. Қазір басты мәселе - өңірдегі тұрақтылықты, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету», - деді Б. Сапарбаев. 

Қордай ауданында Үкімет комиссиясы оқиға кезінде қаза тапқандардың отбасыларымен бірқатар кездесу өткізеді, зардап шеккендерге барады, тұрғын үйлерді, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды аралап көреді. Одан бөлек, жергілікті жерде әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді шешу бойынша шұғыл шаралар қабылданады. Облыс әкімдігімен бірлесіп қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыру, келтірілген залалды бағалау және зардап шеккен меншік нысандарын қалпына келтіру бойынша көмек көрсетіледі. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар