$ 514.65  544.6  5.17

Зейнетақы қоры 174 мың адамды іздеп жатыр

Егер зейнеткер Қордан зейнетақы төлемдерін алу үшін Мемлекеттік корпорацияға өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді.
Фото: Sputniknews.kz
Фото: Sputniknews.kz

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы төлемдерін дер кезінде рәсімдеу керектігі туралы тұрақты хабарлап тұрады. Бірақ соған қарамастан 2020 жылдың 1 қаңтарына қарай зейнет жасына толған және Қорда зейнетақы жинақтары бар 174 235 адам әлі күнге дейін зейнетақы төлемдерін рәсімдеген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, "БЖЗҚ" АҚ-ның ресми сайтына сілтеме жасап.

Осылайша талап етілмеген зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 10 604 764 131 теңгеге жетті.

Атап өту керек, БЖЗҚ зейнет жасына толған, бірақ төлемдерін әлі алмаған азаматтар үшін бірқатар шараларды жүзеге асыруда. Мысалы, қазақ және орыс тілдерінде SMS-хабар, электрондық пошталарға хабарламалар, тіпті мекенжайларына хат-хабарлар таратылып, БЖЗҚ сайты мен әлеуметтік желілерде тұрақты негізде осы тақырып бойынша ақпараттық материалдар жарияланады.

Зейнет жасына жеткен азаматтар БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін жергілікті мекенжайлар бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚО) жүгінуі тиіс. Өздерімен бірге жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі мен салыстыру үшін түпнұсқасын және банк шоты туралы мәлімет ұсынады. Банк шотына Қор төлемдері мен мемлекеттік зейнетақылар ай сайын бір мезгілде аударылады.

БЖЗҚ тағы да еске салады. Зейнеткерлік жасқа толған азаматтар (ерлер – 63 жас, әйелдер биыл – 59,5 жас), бірінші және екінші топтағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген адамдар белгіленген кесте бойынша Қордағы міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан құралған жинағы есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқылы. 

Егер зейнеткер Қордан зейнетақы төлемдерін алу үшін Мемлекеттік корпорацияға өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтарының сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді. Биыл (2020 жылы) ең төмен зейнетақы көлемі: 38 636 теңге.

Сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері: 463 632 теңге. Егер шоттағы ақшаның көлемі бұл сомадан артық болса, зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріледі.

Зейнет жасына жеткен таныстарыңыз бен туған-туыстарыңызға БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын тексеріп, зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін Мемлекеттік корпорацияның жергілікті Халыққа қызмет көрсету орталығына тиісті құжаттарды тапсыру керектігін жеткізіңіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#зейнетақы