Соңғы бірер жылда алаяқтық қылмысы еліміз бойынша күрт өссе де тұрғындардың аңғалдығы тыйылар емес. Бірі жақсы жұмысқа орналасу үшін, екіншісі кезексіз үй алу үшін және тағы басқа себептермен қарапайым азаматтар алаяқтардың қолына ақшаны өздері апарып беруді әдетке айналдырған. Осындай қылмыскерлердің бірінен алданып қалған Маңғыстау облысының тұрғыны күні кеше полицейлерге арызданып келді.
1977 жылы туған жәбірленушінің айтуынша, ол туған інісін жұмысқа орналастыру үшін біраз есіктің табалдырығын тоздырыпты. Алайда, лайықты орын таба алмаған. Осы кезде өзін Қайратпын деп таныстырған жас жігіт оның сеніміне кіріп, жақсы қызметке орналастыру үшін 5 мың АҚШ долларын сұрапты.
Осылайша, 2015 жылдың ақпан айында арыз иесі Қайраттың қолына 5 мың долларды санап береді. Ал, Қайрат болса сол күннен бастап түрлі сылтаулармен ізін суытыпты. Не жұмыссыз, не ақшасыз қалған ағайындылар 1 жылдай уақыт күткен соң полицияға шағымдануға мәжбүр болғандарын айтады.
Тәртіп сақшылары күдіктіні көп іздемей тез қолға түсірді. Тергеу барысында анықталғандай, ұсталған азамат Кентау қаласының (ОҚО) 1979 жылы туған тұрғыны екен. Ол өз айыбын толық мойындап отыр. Сондай-ақ, полицейлер күдіктінің өзге де алаяқтық қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.