$ 494.87  520.65  4.91

Бұрынғы «Astana LRT» ЖШС автобустан автобусқа тегін ауысып отыру жеңілдігін алып тастады

Келесі айдан бастап 1, 3, 5 және 15 күндік жол жүру тарифтері де енгізіледі.
Фото: Sputnik Казахстан
Фото: Sputnik Казахстан

"City Transportation Systems" компаниясы (бұрынғы "Astana LRT" ЖШС) жаңа тарифтерді енгізу аясында бір сағаттың ішінде екінші автобусқа тегін ауысып отыру жеңілдігін алып тастайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, 28 наурыздан бастап жаңа тарифтер енгізіледі. Соған сәйкес, барлығына бірдей 60 минуттың ішінде басқа автобусқа ауысып отыру жеңілдігін алып тастайды. Ондай мүмкіндік тек екі тариф кезінде ғана сақталады. Олар:

15 сапар – 2000 теңге;

30 сапар – 4 000 теңге.

Алайда астаналықтар жаңадан енгізілетін екі тарифтің жеңілдігі көп емес деп санайды. Ал кейбір азаматтар үшін ондай жеңілдік мүлдем сезілмейді. 

"Мысалы, мен 15 сапарды 2 000 теңгеге сатып алсам, 90 теңгеден 15 сапардың өз бағасы 1 350 теңге болады. Сонда арғы жағында 650 теңгені "тегін ауысып отыруға" өзім төлеп тұрмын. Бұл – 7 рет ауысып отыру. Енді, мен күнде ауысып отырмасам, өз ақшама жүретін болып тұрмын ғой. Бұл жерде ешқандай жеңілдік жоқ", - дейді қала тұрғыны Қайырбек Жұматаев.

Ал Нұрлан Жақиянов күнде жұмысына екі автобуспен ауысып барады. Ол да өз шығынын есептеп шықты.

"Мен 30 сапарды сатып алсам, тура сонша ауысып отырамын ғой. Ондай тарифтің бағасы 4 000 теңге дейді. 30 сапардың өз бағасы 2 700 теңге болса, арғы жағында 1 300 теңгеге мен 14 "тегін ауысып отыруды" сатып аламын. Маған тағы 16 рет басқа автобусқа отыру керек. Демек, соны маған жеңілдік ретінде беріп отыр. Былай қарасаң, бұрын шексіз ауысып отырулар болса, енді соның жартысын алып қоймақшы", - дейді Жақиянов.

1-15 күндік тарифтер де болады

Келесі айдан бастап 1, 3, 5 және 15 күндік жол жүру тарифтері де енгізіледі. Бұдан бөлек, айлық жол жүру қызметтеріне "Қала+экспресс" және "Қала+экспресс+қала маңы" сияқты жаңа тарифтер қосылады.

Жаңа тарифтер:

Айлық жол жүру. "Қала+экспресс", құны - 10 мың теңге. Соның арқасында қалалық және экспресс бағдарлармен бір ай бойы шектеусіз жүруге болады;

Айлық жол жүру. "Қала+экспресс+қала маңы" - 13 мың теңге;

"3 айлық жол жүру" - 20 мың теңге;

1 күндік жол жүру ақысы 500 теңгеден;

3 күндік жол жүру ақысы 1 500 теңгеден;

5 күндік жол жүру ақысы 2 мың теңгеден;

15 күндік жол жүру ақысы 4 мың теңгеден.

"Енді, айлық жол жүру тарифтері түсінікті ғой. Ал 1-15 күндік тарифтерге тоқталатын болсақ, 500 теңгеге күні бойы шектеусіз жүруге болады. Сол сияқты 1 500 теңгені салып, үш күн бойы автобустармен жүре беруге мүмкіндік бар. Ондай тарифтер автобуспен жиі жүретін адамдарға тиімді", - дейді компания мамандары.

Айта кеткен жөн, 7 500 теңгеге бір айға алынатын жол жүру тарифі өзгеріссіз қалды. 9 500 теңгенің айлық тарифі де сол күйінде қалады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары