Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте әлеуметтік салаға жауапты басқармалардың жұмысына сын садағын көздеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап, Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Абайдың 175 жылдығына арнайы ұйымдастырылған концерт төмен деңгейде өткенін айтқан аймақ басшысы, спорт басқармасының басшысына білім басқармасымен бірлесіп аудандарды аралап, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру стратегиясын әзірлеуді, әрбір ауылдағы спортты дамыту жөніндегі инспектордың штатын қарастыруды тапсырды.
Ол ғана емес, жиында АӘК алмайтын отбасылардың жұмыспен қамтылуы, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету үшін оларды кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына бекіту қажеттілігі туралы да баса айтылды.
Б. Сапарбаев әлі күнге дейін кепілді әлеуметтік пакеттер берілмейтініне қынжылыс танытты. "Егер осы аптада әлеуметтік пакеттерді беру шарасы нақты қолға алынбаса, басқаша сөйлесетін боламыз",- деді аймақ басшысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына.
Жастар басқармасы "Жас қыран", "Жас Ұлан", "Жас сарбаз" жасақтарына балаларды тарту бойынша жұмысты жолға қою, жұмыспен қамту басқармасымен бірлесе отырып, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін жою бойынша карта әзірлеу, жұмыс болмаған жағдайда колледждерде тегін оқыту жайы да сөз болды.
"Жастар неге қоғамдық тәртіпті бұзады? Үйі мен күйі болмағандықтан! Егер оларға арналып әр түрлі демалыс шаралары ұйымдастырылып отырса, олардың бұзақылық жасауға уақыты болмайды. Адамның әл-ауқаты мен көңіл-күйі оның әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне, Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына байланысты. Мұның бәрі ойдағыдай атқарылса, тұрғындар тарапынан наразылықтар болмайды, - деп түйіндеді облыс әкімі өз сөзін.