Алматыда күзетшіні атып өлтіріп, тапа-тал түсте 9 миллион теңгені тонап кеткендер енді ұзақ уақыт бостандық көрмейді. Қалалық сот «РЭМ Кран» компаниясына қарақшылық шабуыл жасағандарға үкім кесті. Бұл туралы «КТК» арнасы хабарлады.
Қылмыстық топ жетекшісі Ерқанат Келдібаев 17 жылын қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде өткізеді. Қалған екі сыбайлас - Дастан Әбдіраев пен Азамат Іспаев 11 жылдан арқалады. Бұл үшеуі былтыр мамыр айында жеке компанияның есепшісін аңдып, тағы бір жұмысшы екеуі кеңседен шыға бергенде тап берген екен. 64 жастағы азаматты сол жерде атып өлтіріп, жұмысшылардың айлығына деп алынған 9 млн теңгені қолды қылған болатын.
Енді қарақшыларға әділ жаза кесіліп, марқұмның жақындарына 1 млн, ал «РЭМ Кран» серіктестігіне 4 млн 683 мың теңге өтемақы төлеу міндеттелді.