Сенатта Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің ұйымдастыруымен «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жай-күйі және өнімділігі жоғары бизнестің даму болашағы» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева өнеркәсіптегі проблемаларды атады.
«Жеңіл өнеркәсіп экономиканы түрлендіруге, әсіресе пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндіктерінің бірі. Жеңіл өнеркәсіп – әлеуметтік маңызға ие сала. Ол халықтың, әсіресе әйелдердің жоғары деңгейде жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді», - деді Сенат басшысы.
Парламенттік тыңдау кезінде өндірістің қымбаттылығы, қажетті жабдықтардың жоқтығы, шикізат тапшылығы, мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігінің төмендігі, жеңіл өнеркәсіп үшін сенімді келешектің жоқтығы, кәсіпкерлердің барлық күш-жігерін жоққа шығаратын көлеңкелі импорттың болғаны аталып өтілді.
«Мен бәсеке тым күшті, жарысқа түсудің еш мағынасы жоқ, ал күш-жігерімізді анағұрлым болашағы бар салаларға жұмсау керек деген пікірді талай естідім. Шын мәнісінде осылай ма? Бірден ұлттық жеңіл өнеркәсіптен бас тартып, импортқа, яғни шетелдік өндірушілердің еркіне жығыла салған орынды ма? Ол қадамның дұрыс емес екеніне сенімдімін», - деді Д.Назарбаева.
Сенат Төрағасының айтуынша, басты проблема жергілікті шикізаттың, ең алдымен былғары мен жүннің тапшылығы болып отыр. Шикізат проблемасы агроөнеркәсіп кешені алдына жаңа міндеттер қояды.
«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында жеңіл өнеркәсіптің шикізат базасын дамыту бойынша тиісті шаралар қарастыру қажет», - деді ол.
Талқылауда сөз алған депутат Манап Көбенов жеңіл өнеркәсіп жағдайына макроэкономикалық тұрғыда баға берді.
М.Көбенов жеңіл өнеркәсіпті өңдеу өнеркәсібінің жеке түрі ретінде заңнамалық деңгейде бөлуді ұсынды. «Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға жауапты жеке мемлекеттік орган құру мәселесін қарау қажеттігі туындап отыр. Тіпті министрлік құрамына кіретін комитет деңгейінде болса да. Кеткен қателіктер түзетілуі керек. Саланы кооперациясыз көтере алмаймыз», - деді Д.Назарбаева.
Д.Назарбаева саланы қолдау мен дамыту шаралары ретінде шағын және орта бизнес кәсіпорындарына кәсіби біліктілік деңгейін арттыруға, нысаналы қайта оқытуға көмектесу, сондай-ақ салық, ақша-несие және кеден саясатын жетілдіруге, нарықты қорғауға және контрабандаға қарсы күреске көмек көрсетуді атап өтті.
«Контрабанда мен контрафакт, бірінші кезекте шағын және орта бизнеске жасалған индустриялық соққы, бұл оларды бәсекеге қабілетсіз етеді. Мұндай жасанды әрі сапасыз өнімдерден тұтынушылар зардап шегеді. Әсіресе, контрабанда арқылы елімізге балаларға арналған сапасыз, тіпті олардың денсаулығына қауіпті тауарлардың келетіні қатты алаңдатады», - деп атап өтті Сенат басшысы.