$ 498.34  519.72  4.85

«Жағымсыз атауға айналған «оралман» сөзінің орнына «қандас» атауы қолданылады» - Кәрібай Мұсырман

Оның айтуынша, қандастарымызға елімізде тұрақты тұру рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.
Фото: inform.kz
Фото: inform.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "оралман" сөзін "қандас" деп атау туралы ұсынысы Мәжілісте қолдау тапты, деп хабарлайды Baq.kz.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілерге көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Осы заң жобасы туралы баяндама жасаған депутат Кәрібай Мұсырман ешқандай құжаты жоқ шетелдік азаматтарды елден шығаруға мүмкіндік беретін "жол жүру" құжатын енгізуді ұсынғанын айтты. 

"Мәжілістегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының депутаттары ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасындағы "оралмандар" деп аталып жүрген тұрғындарымызбен жұмыс істейміз. Оларды біздің қоғамызға бейімдеп, жақын тарту үшін "қандастар" деп атауды ұсынамын дегенін қолдаймыз. Соған байланысты тиісті өзгерту енгізілді. Сөйтіп, бір кездері ойдан шығарылып, жағымсыз атауға айналған "оралман" сөзінің орнына алдағы уақытта "қандас" атауы қолданылады", - дейді Кәрібай  Мұсырман. 

Оның айтуынша, қандастарымызға елімізде тұрақты тұру рұқсат алу және Қазақстан азаматтығын алу үшін құжаттарды бір мезгілде тапсыру мүмкіндігі қарастырылып отыр.

"Бұған дейін олар екі рет құжат жинап әбігерге түскен. Түзетулер қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алуын жеделдетуге септігін тигізеді. Өңірлердің және инвестор компаниялардың сұраныстарына жедел ден қою үшін үкіметттің қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасын және шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны белгілеу жөніндегі фунциялары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне беріледі, - дейді депутат.

Оның сөзінше, депутаттар ешқандай құжаты жоқ шетелдік азаматтарды елден шығаруға мүмкіндік беретін "жол жүру" құжатын енгізуді ұсынды. Мәжіліс заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#оралман