Қазақстанда барлық бұқаралық спорт шарасы тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Спорт шараларының тоқтатылғаны туралы ақпаратты Қазақстан мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз қызметі растады.
"Иә, дұрыс айтасыз. Коронавирусқа байланысты барлық спорт шарасы тоқтатылды", - деді баспасөз хатшысы Раухан Тоғымбаева.
"Бұл шетелге оқу-жаттығу жиындарына немесе халықаралық жарыстарға баратын ұлттық құрамаларға да қатысты. Уақыты – осы жылдың бірінші жарты жылдығы", - деді сұхбат беруші.
Айта кетейік, қазір "Барыс" хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде ойнап жатыр. Команданың матчтарын тоқтату немесе ауыстыру туралы шешім әлі қабылданған жоқ.
"Барыс" хоккей клубымен қазір бұл мәселе шешіліп жатыр. Хоккей клубы өз матчтарын өткізуі де мүмкін", - деді комитеттің баспасөз хатшысы.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп Sputnik тілшісіне Қазақстанда коронавирус жұқтыру дерегі анықталмағанын хабарлады.