$ 514.65  544.6  5.17

«Келісімдер тек орыс тілінде жазылады» - министр Ерлан Тұрғымбаев

Негізі екі мемлекеттің заңында да қос азаматтыққа жол жоқ.
Фото: Sputniknews.kz
Фото: Sputniknews.kz

Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы келісімді ратификациялау қаралды, деп хабарлайды Baq.kz.

"Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы Сенаттан қолдау тапты.

"Келісімге 2019 жылдың 15 сәуірінде Ташкент қаласында қол қойылды. Бұл құжат заңсыз көші-қонды анықтауға, реттеуге, азаматтық құқықтық мәртебесін шешуге көмектеседі. Біріккен жедел профилактикалық іс-шараларды іске-асыруға көші-қон саласында ақпарат алмасуға мүмкіндік береді", - дейді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Оның айтуынша, былтыр Өзбекстаннан елімізге 1 млн адам келіп, оның жартысы уақытша жұмыс істеген.

"Статистика бойынша 2019 жылы еліміздің шекарасына 6 млн адам кірген. Оның ішінде, 2,5 млн адам Өзбекстан азаматы. Олардың 1,5 миллионы транзит арқылы басқа елдерге кеткен, қалған 1 миллионы елімізде тіркелген, 500 мыңы уақытша жұмыс істегендер. Сондай-ақ, осы келісім арқылы қос азаматтықты жойып, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз. Негізі екі мемлекеттің заңында да қос азаматтыққа жол жоқ", - дейді министр.

Бір қызығы, бұл келісім бойынша екі ел арасындағы ынтымақстық мәселелері тек орыс тілінде жүргізіледі. Оны депутаттарда байқаған.

"Аталған келісімнің 12-бабында ынтымақтастық, іс-әрекеттер орыс тілінде жүргізіледі делінген. Осының себебін түсіндіріп беріңізші?", - деді депутат Сансызбай Еңсегенов.

Министр "екі жаққа түсінікті болу үшін орыс тілінде жүргізетін болдық" деп отыр.

"Тәжірибе бойынша осындай келісімдер орыс тілінде жазылады. Негізі өзбек-қазақ тілінде жазылса, екі жақ бір-бірін түсінбес еді. Оған аудармашы керек. Сол себепті сыртқы істерді жүргізудің регламенті бойынша келісімдер тек орыс тілінде жазылады", - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары