Сенат депутаттары Қордай қақтығысының қайталануына жол бермеу үшін үкіметке бірнеше ұсыныс жасады, деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Бір топ сенатор премьер-министр Асқар Маминге Қордай оқиғасына қатысты депутаттық сауал жолдады. Депутаттар көтерген мәселенің бірі қазақ тілінің тағдырына байланысты болды.
"Елімізде 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасы бойынша 2020 жылы мемлекеттік тілді Қазақстан халқының 95%-і еркін меңгеру керек еді. Өкінішке қарай миллиардтаған қаржы бөлінген осы бағдарлама өз нәтижесін бермеді. Бұған кім жауап береді?", - деді депутат Мұрат Бақтиярұлы.
Ол Қазақстан 130-дан аса ұлт пен этносқа ортақ мекен бола алғанымен, қазақ тілі осы кезге дейін олар үшін ортақ тіл бола алмағанына өкініш білдірді.
"Мемлекет, тарих, тіл – тұтас ұғымдар. Бізде мемлекет тарихын, тілін білмейтін, қазақ мәдениеті мен оның ұлттық құндылықтарына құлықсыз қарайтын этнос өкілдерінің кейбір буындары өсіп келе жатқаны байқалады. Сондықтан мемлекет тұтастығы мен бірлігі үшін ортақ құндылықтар қалыптастырып, ұлттық рухани бағдарламаларды түрлі диаспоралар арасында кеңінен насихаттап отыру қажет", - деген ұсыныс айтты сенатор.
Депутат елде түрлі этникалық топтардың интеграциясы мен олардың біртұтас мемлекет құрушы ұлттың айналасына жұмылуына бағытталған саясат жүргізу керек деп санайды. Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, этностар тұратын жерлерге мемлекет әрдайым мониторинг жасап, ондағы ономастика, тіл және тағы басқа қордаланған дүниелерді бақылап, сараптап отыруы керек.
"Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, бейне және аудио материалдарда еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығына қауіп төндіретін, ұлттық араздық пен алауыздықты қоздыратын арандатушылық материалдар, елдің билік органдарының қадір-қасиетін түсіретін лақап айыптаулар мен өсек-аяңдар, бейпіл сөздер мен көріністер етек алып бара жатыр", - деп алаңдады сенатор.
Осыған байланысты үкімет қасақана жалған ақпарат таратып, халықты тәртіпсіздікке шақыратын кез келген арандатушылыққа құқықтық негізде қатаң жаза қолдануды қатайтуы керек деп санайды.