$ 514.65  544.6  5.17

Бүгін еліміздің батыс өңірлерінде Амал мейрамы атап өтілді

Тіпті кей археологтар Амал мерекесінің түп-төркінін Адай тайпасының пайда болуымен байланыстырады.

14 наурыз күні еліміздің батыс өңірлерінде Амал мейрамы атап өтіледі. «Амал күні», «Көрісу күні» деп аталатын бұл мейрам жайлы түрлі деректер мен аңыз-әпсаналар бар. Негізінен «Амал күні» тек батыста ғана емес, бұрындары еліміздің көп жерлерінде болғанға ұқсайды. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14-март — ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл фарсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты — ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» — деген. Осыған қарап, ХІХ аяғы мен ХХ ғасырдың басына дейін қазақ даласында көрісу дәстүрі болған деген пікірмен келісуге болады. Кеңес үкіметінің саясатына байланысты, еліміздің көптеген аймағында Амал мейрамын тойлау ұмытылып, батыс өңірлерде ғана сақталып қалған секілді. Тіпті кей археологтар Амал мерекесінің түп-төркінін Адай тайпасының пайда болуымен байланыстырады.

Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен қол алысады. Таң сібірлеп атысымен, көрісу мерекесін асыға күтіп отырған әрбір отбасы алдын ала дайындап қойған дастарханын жаяды.Міндетті түрде бауырсақ пісіріп, дастарханға тәттілерін үйіп қояды. Отбасының кішілері үлкендеріне қос қолын беріп, көрісіп шығады. Бір–біріне «Бір жасыңмен!» дейді. Ол «Бір жасқа есеюіңмен! Осы жылға аман-есен жетуіңмен!» дегенді білдіреді. Содан кейін әр отбасы көршілерімен көріседі. Жасы кіші отбасы мүшелері жасы үлкен жанұяларға кіріп, көрісіп шығады. Кішкентай балаларға аналары шағын пакет ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден қалталарына салып алады. Қазақ қашанда дастарханын айрықша қастерлеген. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған.

Дереккөз: Massaget.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Көрісу күні