$ 498.34  519.72  4.85

«Қаржылық жағдайы нашарлаған бизнес өкілдеріне төлем  мерзімін ұзарту мүмкіндігін беру керек» - Асқар Мамин

7 мыңға жуық шаруаны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық төлеуден босату түрінде қосымша салықтық ынталандырулар енгізіледі.

Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар топтамасын бекітті. Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен кәсіпкерлік пен отандық өндірісті қолдау шаралары қаралды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ресми ақпараттық ресурс мәліметіне сілтеме жасап. 

Бизнесті қолдау және еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шаралар топтамасы қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруды, кепілдіктер беруді, салықтық ынталандыруды, бизнесті тексеруді азайтуды және жұмыспен қамтамасыз етуді қамтиды.

Мәселен, 1 трлн теңгеге дейін несие беру және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша басым тауарлар тізімі кеңейтіледі. «БЖК –  2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несиенің жоғарғы шегі ұлғайтылады және салалық шектеулер алынып тасталады, бизнесті несиелендіру кезінде кепілдік беру тетігі жеңілдетіледі.

Ірі сауда нысандары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер, спорт объектілері заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін мүлік салығынан бір жыл мерзімге босатылатын болады, бір тоқсанға өсімақы есептеу тоқтатылады, 3 тоқсан үшін салық есептілігінің мерзімі кейінге ауыстырылатын болады. Жалпы белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер салықтардан босатылады. 

Отандық бизнес қосымша қаржылық жүктемесіз бірегейлендірілген шарттарда (6%) әрекет етіп тұрған мемлекеттік бағдарламалардың (Бизнестің жол картасы – 2025, «Еңбек», ИИДМБ-2025, «Қарапайым заттар экономикасы» және т. б.) қолдаудың жеңілдікті шараларын пайдаланатын болады. 

АӨК саласында несиелендірудің жаңа тетігі, сондай-ақ ірі қара мал мен асыл тұқымды балапандарды қамтитын АӨК биологиялық активтерінің импортына ҚҚС-дан босату, сонымен қатар 7 мыңға жуық шаруаны ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық төлеуден босату түрінде қосымша салықтық ынталандырулар енгізіледі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет шағын, орта және ірі бизнес кәсіпорындарын қолдаудың теңдессіз шараларын қабылдайды. Бұл шаралар, ең алдымен, қазіргі жұмыс орындарын сақтауға және кәсіпкерлер мен азаматтардың іскерлік белсенділігін ынталандыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған», — деді А. Мамин.

Аталған жұмысқа Қазақстан азаматтарын тарта отырып, инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуді қарастыратын Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге бөлінеді.

Банктер қарыз алушылар Төтенше жағдай енгізілген кезде төлемдердің мерзімін өткізіп алған жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептемейтін болады.

«Барлық банктер қаржылық жағдайы нашарлаған бизнес өкілдеріне төлем  мерзімін ұзарту мүмкіндігін беруі керек», - деді А. Мамин.

Үкімет басшысы үш күндік мерзімде салалық мемлекеттік бағдарламаларға кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа формаларын енгізу бойынша қаулылар жобаларын дайындауды тапсырды.

«Мемлекет басшысының Жарлықтарын іске асыру үшін біз салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін салық мөлшерлемелерін белгілеудің ерекше тәртібін анықтау, бюджетті қалыптастыру мен орындау, мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау бойынша көптеген шешімдерді қабылдаймыз. Жалпы, кәсіпкерлікті және отандық өндірісті қолдаудың жаңа шаралары 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады», - деді А. Мамин.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары