$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда үй өртеніп, 5 адам ажал құшты

Кеше Алматыдағы Жетісу ауданы Венецианов көшесінде орналасқан бір қабатты жекеменшік үйлердің бірі өртеніп, салдарынан 5 адам қайтыс болды деп жазады Tengrinews.kz қалалық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖД-ның кезекшілік бөліміне өрт туралы хабарлама кешкі сағат 20:46-да келіп түскен. Оқиға орнына келіп жеткен өрт сөндірушілер бір қабатты үйдің жартысы жанып жатқанын көріп, дереу сөндіруге кіріскен. Ал, ғимараттың терезелері түгелдей темір тормен қапталған екен. Қызыл жалын шамамен 100 шаршы метр аумақты шарпыған.

"Жалынды ауыздықтауға 5 өрт сөндіру бригадасы жұмылдырылды. Олар өртті санаулы минуттарда өшіріп үлгерді" делінген ведомствоның өкілдері таратқан хабарламада.

Қызыл жалын ауыздықталған соң құтқарушылар үйден бес адамның мәйітін тапты. Олар: үйдің иесі, онымен бірге тұратын әйел және тұлғасы белгісіз үш ер адам. Қазіргі таңда ол үшеуінің кім екенін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, үй иесі бұған дейін сотты болған және алкогольді ішімдіктерді жиі ішетіндіктен ішкі істер органдарының есебінде тұрған. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары