Алматы полициясы Жанар Қайырбекованың өліміне қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр деп жазады "Новости-Казахстан" ақпараттық агенттігі қалалық ІІД-нің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке сілтеме жасап.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қайтыс болған әйел саяси қайраткер, осыдан бірнеше жыл бұрын қастандықпен өлтірілген Алтынбек Сәрсенбаевтың жиен қарындасы көрінеді.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, марқұм ұрыс-жанжалдың құрбаны болған.
"Жедел іздестіру шаралары барысында криминалды полиция басқармасының мамандары мен Бостандық АІІБ қызметкерлері 1983 жылы туған Алматы облысының тұрғынын қолға түсірді. Жәбірленушіге бейтаныс адам оны пышақтап өлтірген" деді департаменттің баспасөз хатшысы.
Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынған. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.