$ 498.34  519.72  4.85

«Билік органдарына зор жауапкершілік жүктеледі» - президент

Бүкіл әлем бойынша бұл дертке 300 мыңнан астам адам шалдықты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кең көлемді отырысын өткізді. Отырыс барысында мемлекет басшысы жаһандық індеттің өршіп бара жатқанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

 "Қазір бәріміз күрделі ахуалды бастан өткеріп жатырмыз.Осы орайда, билік органдарына зор жауапкершілік жүктеледі. Мұны естен шығармайық. Бұл міндетті баршамыз абыроймен атқаруымыз керек. Үкімет, Ұлттық банк және басқа да органдардың қолға алған жұмыстары туралы мәлімет алдық. Енді, елдегі тұрақтылықты сақтауға арналған басқа да шараларға тоқталайын.

Бірінші. Коронавирустың таралуына қарсы жұмыстарды күшейту. Өздеріңіз білесіздер, жаһандық індет ушығып барады.
Бүкіл әлем бойынша бұл дертке 300 мыңнан астам адам шалдықты. Вирустың таралу жылдамдығы бәсеңдемей отыр.

Әлем елдері індетпен барынша күресуде. Менің тапсырмам бойынша елімізде төтенше жағдай жарияланды. Елордамыз бен Алматыда карантин режимі енгізілді. Мұны дер кезінде қолға алынған шаралар деп есептеймін", - деді  Тоқаев.

Вирустың бәсеңдемей тұрғанын тілге тиек еткен президент, осындай жағдайда мемлекеттік органдардың ауызбіршілікпен жұмыс істеу керектігін ескертті. 

"Бұл – береке-бірлігіміз сыналатын уақыт. Әрбір дағдарыстың екі жағы бар. Біріншіден, бұл, әлбетте – қауіп, бірақ, екіншіден, бұл – мүмкіншілік. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі нәрсе. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болуымыз керек. Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз деп сенемін!", - деген Қасым-Жомарт Тоқаев  елдің амандығын тіледі.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары