Өткен жылдың қыркүйек айында Оңтүстік Кореяда жеті жасар баланы қағып кеткен Қазақстан азаматы қылмыстық жауапкершілікке тартылып еді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Енді сот айыпталушыға жаңа үкім оқыды. Айта кетейік, бұл іс қоғамда дүрбелең тудырған еді. Өйткені еліміздің азаматы Чанвон қаласында заңсыз жүрген және көлік апатынан соң ізін суытқан.
Бүгін Оңтүстік Кореяда абақтыға қамалған Қазақстан азаматы Сырымның жазасы жеңілдетілді. Осы жылдың қаңтар айында ол екі жарым жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ал прокуратура соттан бес жылдық жаза талап еткен болатын. Сотталушының адвокаты бұл жазаны тым қатал деп танып, аппеляцияға берген. Сондай-ақ елшіліктің қызметкерлері оңтүстіккореялық Сыртқы істер министріне және прокуратураға бұл істі қайта қарау жөнінде өтініш білдірген. Бүгін судья 20 жастағы Сырымды екі жылға түзету жұмыстарына жіберу туралы үкім шығарды. Қазақстандық өткен жылдың қазан айынан бері тергеу изоляторында отырғанын ескерсек, енді ол тағы бір жарым жыл жазасын өтейді.
Сырым үкіммен келісті және сотқа алғысын білдірді. Бұған дейін адвокатымен сөйлесу барысында ол егер бас бостандығынан айыру мерзімі ұлғайса, жазаны өз елінде өтеу үшін елшілікке өтініш жазатынын айтқан еді. Бүгінде жазасы жеңілдетілгендіктен, Корея абақтысында қалатын болды.