30.03.2020, 16:20

Алматы облысында коронавирус жұқтырудың жаңа дерегі тіркелді

Фото: pixabay.com
Ер азамат карантин енгізілгенге дейін Алматы қаласында иық буындарының артритіне байланысты ем қабылдаған.

Алматы облысында коронавирус жұқтырудың жаңа дерегі анықталды, деп хабарлайды Сoronavirus2020.kz.

Алматы облысында коронавирус жұқтырған науқас - Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылының тұрғыны.

Облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, коронавирус инфекциясы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылының 67 жастағы тұрғынынан анықталған. 29 наурызда ол КВИ белгілерімен Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылған, талдаулар оң нәтиже көрсетіп, азаматтың ауырғанын анықтады.

 Ер азамат карантин енгізілгенге дейін Алматы қаласында иық буындарының артритіне байланысты ем қабылдаған. Онымен қарым-қатынаста болған екі адам анықталып, олар провизорлық стационарға карантинге жатқызылды.

Соңғы дерек бойынша, елімізде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны - 294  адам, ал жазылғандары - 20, 1 адам осы індеттен қайтыс болды.  

Тегтер: Алматы