АҚШ-тың Теннесси штатында коронавирус жұқтырған медбике видеоүндеу жасады. Видео Facebook желісіндегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Видеода Шарека Уильямс (Shareka Williams) есімді медбикенің әрең сөйлеп тұрғаны көрінеді: пневмония үшін тыныс алуы қиындаған. Дем алған сайын өкпесі ауырады екен.
"Қозғалу немесе тамақтану маған қиынға соғады. Маған ешкім оқ атқан емес, бірақ COVID-19 оқтан да бетер көрінеді. Жаным қиналып жатыр", - дейді медбике.
Уильямс вирустың алдын алу шараларын қабылдауға кеңес береді.
"Бұл - әзіл емес. Асқынып кетуін күтпеңіз. Бұл дерттің сізге, сіздің отбасыңызға, балаларыңызға жеткенін күтпеңіз", - деп өтінеді ол видеода.
Айта кетейік, медбикенің бұл видеоүндеуі 80 мыңнан аса қаралым жинап, оған 1000-нан аса пікір жазылған.