$ 494.87  520.65  4.91

Алматыда коронавирус жұқтырғандар арасында елу жастан асқан азаматтар көбейді

Сондай-ақ, Молдағасымова коронавирусқа тексерілуге болатын сынама тесттің құнына қатысты сұраққа жауап берді.

Алматыда коронавирус жұқтырғандар арасында елу жастан асқан азаматтар көбейді. Бұл туралы брифингте Алматы қаласы тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бұған дейін қаламызда ауру жұқтырғандардың ең көбі 20-29, 30-39 жас аралығындағылар болса, қазір 50-59 жас аралығындағы тұрғындардың арасында жұқтыру дерегінің өсіп жатқаны байқалады. 2-16 жастағы балалардың ауру жұқтыруы 88%-ке өсіп отыр", - деді Молдағасымова.

Сонымен қатар Алматыда бір отбасының төрт адамынан инфекция анықталған.

"Ауырғандардың арасында 35 жағдай басқа елден келгендерден тіркелді, олармен байланыста болған 67 адамнан да ауру табылды. Олардың барлығы уақытында оқшауланып, арнайы стационарларда болды. Жергілікті жердің алты тұрғынынан вирус анықталды, олар арқылы 11 адамға инфекция жұқты. Бізде бір отбасының төрт адамының вирус жұқтырғаны анықталды, вирус әкесінен тараған", - деді Айзат Молдағасымова брифингте.

Сондай-ақ, Молдағасымова коронавирусқа тексерілуге болатын сынама тесттің құнына қатысты сұраққа жауап берді.

"Қазір экспресс тест ақысыз беріледі. Ал ары қарай жеке компаниялар өздері ұйымдастырып, ақысын қойып жатса, өздерінің құқығы",-  деді ол.

Молдағасымова қала бойынша қабылданған шешімнің арқасында вирус жұқтырғандардың саны азайғанын айтты.

"Соңғы күндері орташа есеппен 2-5 адамнан вирус табылғаны көріп отырмыз. Соңғы тәулікте үш жағдай тіркелді. Бұған ең алдымен қала бойынша қабылданған шешімдер әсер етті. Вирус шыққан кезде бастапқыда 16 жағдайдан тіркелді. Қазір оқшаулаудың арқасында бұл көрсеткіш төмендеді", - деді Молдағасымова.

Айта кетейік, қала бойынша ауру жұқтырудың 39 ошағы бар. Алматыда 119 адамнан коронавирус анықталды, ішінде 21 адам жазылып шықты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#коронавирус