$ 443.85  474.3  4.8

Бақытжан Ахметбек: «Қытай кітаптарында біздің ата-бабамыздан жеңілгендігі туралы жазылмайды...»

Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына байланысты ел ішінде былтырдан бері түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынды.
Фото:  Central Asia Monitor
Фото: Central Asia Monitor

Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуына байланысты ел ішінде былтырдан бері түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай Ұлытау жерін халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризм орталығы ретінде көрсетуді тапсырған болатын. Атаулы тарихи дата Сыр өңірінде де кеңінен насихатталу үстінде. Бұл тұрғыда сырбойылық тарихшы ғалымдардың осы тақырып аясындағы ізденістерін айтуға болады. Қазақстан Республикасының «Тарих және қоғамдық ғылымдар» академиясының академигі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистранты Бақытжан Ахметбек Алтын Орда тарихына байланысты ізденіп жүрген ғалымдардың бірі. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласынан жарыққа шығатын «Жошы» атты кітапқа оның бірнеше мақаласы енді.

«Алтын Орда тарихы Қазақ елінің тарихымен тікелей байланысты. Бұл мемлекеттің негізгі халқы сонау 1219 жылы Монғолия территориясынан келген «монғол» ұлты. Ол қазақ халқының найман, қоңырат, меркіт, керей, керейіт, жалайыр, қият тайпалары. Сонымен қатар, Ұлы Дала Елінің алшын, қыпшақ, қаңлы, үйсін, арғын (басмыл) және басқа да тайпаларынан құралды. Шынғысхан Қытай мемлекетін жойып, үлкен ұлы Жошыға ұлыс беріп, осында ел билеуге қалдырады. Қазақ Елінде Жошының Шағатай мен Үгедей атты екі інісінің де ұлыстары болады. 1227 жылы Жошы хан қаза болып, 1243 жылы оның екінші баласы Бату Алтын Орда мемлекетін құрады. Мемлекеттік тілі қыпшақ тілі болды. Астанасы Сарай Батуда, яғни қазақ жерінде болды. Бұл Еділдің бойы еді. 1257 жылдан бастап, Монғол еліндегі Қарақорым астанасына бағынудан бас тарта бастайды. Алтын Орда хандары түгелімен монғол есімді емес, қазақ, түркі есімді кісілер болған. Олармен Қытай мемлекетін басып алған Батудың немере бауыры Құбылай хан да, Иранды басып алған Құлағу да санасатын. Алтын Орданың бір бөлігі Сыр бойындағы Сығанақта орналасқан Ақ Орда хандығы болған. Осы қалада Ақ Орданың 7 ханы жерленген. Ал, Сарайшықта Алтын Орданың 7 ханы жерленген. Алтын Орда дәуірі ол – біздің бабаларымыздың заманы. Сондықтан, біз онымен мақтанамыз», - дейді Бақытжан Мухаррамұлы.

Қызылорда облысының мектептері осы уақытқа дейін олимпиадалар мен конференцияларда Алтын Орда тақырыбы бойынша көптеген жұмыстар жасап келеді. Осы бағытта үлкен дәрежеде документалды және көркем фильмдерді халыққа насихаттап көбірек көрсету керектігін жеткізді Бақытжан Ахметбек.

«Қытай мемлекетінің үлкен баспасынан шыққан кітап қазақ тарихын жоққа шығарып жатыр. Олардың жазбаларында Қытай ешкімнен жеңілмеген ел деп көрсетіліп жүр. Бірақ, олар қаншама рет біздің бабаларымызға құл болғанын айтқысы келмейді. Сонда не үшін Қытай қорғаны салынған деген сауал туындайды. Біз өз тарихымызды көбірек насихаттауымыз керек сол үшін», - деді ғалым.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Алтын Орда