Иракта «Ислам мемлекетінің» содырлары ұйым жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің қашып кеткен бір әйелін іздестіріп жатыр. Бұл жайында жергілікті «Ас-Сумария» телеарнасына сілтеме жасап ТАСС хабарлады.
Ұлты неміс Диана Крюгер Ирактың солтүстігінде орналасқан Найнава провинциясындағы лаңкестер лагерінде белгісіз себептермен жоғалып кетті. Онымен бірге екі көмекші әйелі де ізім-ғайым жоқ болған.
Әл-Бағдади әйелінің қайда екенін анықтау үшін арнайы жасақ әзірлеп, оларды із кесуге аттандырды. Содырларға Крюгер мен оның көмекші әйелдерін тірідей ұстап әкелу тапсырылыпты.
Айта кетейік, әл-Бағдади мен Крюгер өткен жылдың 8 қазанында үйленген болатын. Олардың некелесу рәсімі Найнава провинциясында құпия түрде өтті. Мұнан кейін Крюгер «Ислам мемлекетінің» шариат сотына жетекшілік еткен.