$ 498.34  519.72  4.85

Биыл қыста жолдар 356 рет жабылып, қар құрсауынан 763 адам құтқарылған

Биыл қардың көп түсуіне және дауылды желдердің жиі тұруына байланысты еліміздегі республикалық маңызы бар жолдар жиі жабылып қалып жатты. Ауа райының күрт бұзылуынан бірнеше ауданда төтенше жағдай орнап, құтқарушылар мыңдаған адамды эвокуациялауға мәжбүр болған. Бұл жайында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов журналистермен болған брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, биылғы қыста республикалық маңызға ие жолдар 356 рет жабылып, 763 адам қар құрсауынан құтқарылған. Сондай-ақ, 5 028 адам қауіпсіз жерге шығарылса, 1 762 бірлік техника қар құрсауынан сүйреп шығарылды. Құтқару жұмыстарына ІІМ жеке құрамынан 1359 адам, ал жергілікті атқарушы органдардан 2 112 адам жұмылдырылған.

"Облыстар әкімдерінің шешімдерімен Қарағанды облысының 4 ауданында (Абай, Шет, Бұхар-Жырау және Осакаровка аудандары), Ақтөбе облысының 2 ауданында (Карғалы және Хромтау), Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданында, Жамбыл облысы Жуалы ауданының 5 ауылдық округінің аумағында жергілікті көлемдегі төтенше жағдайлар жарияланып отырды" деді Р.Иманқұлов.

Жолдардағы күрделі жағдай әсіресе, желтоқсанның аяғы мен қаңтардың басында оры алған. Орталық, шығыс және батыс Қазақстанда желдің күші секундына 25-30 метрге дейін жетіп, жолдарда көктайғақ орнаған болатын. Абырой болғанда, адам шығыны орын алған жоқ дейді ҚР ІІМ ТЖК өкілі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары